Хабар телеарнасы

Қарағанды облысының Топар кентінде карантин аяқталды

Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты Топар кентінде карантин аяқталды. Бұл ауылда екі апта бұрын қараталақ ауыруы тіркеліп, қауіпті кеселден бір адам қайтыс болған еді. Тағы екі азамат ауруханада жатыр. Қазір олардың денсаулығы бір қалыпты. Кенттегі жағдайдан соң аудандық ветеринарлық станция басшысы жұмысынан босатылды. Ал мал дәрігерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Карантин кезінде сойылған ауру торпақтың еті түгел жойылған. Елді мекендегі 90 аулаға дезинфекция жүргізіліп, төрт түлік түгел вакцинацияланған. Ал қауіпті инфекцияның қайдан тарағаны әзірге белгісіз. 

Данияр Мерғазин, облыстық Ветеринарлық инспекция басшысының орынбасары:
-Осы саладағы білікті мамандардың пікірі бойынша ол енді сыртта жайылмаған мал болғандықтан, бұл тек қана азықтық жолмен ғана жұғуы мүмкін деген болжам бар. Жем-шөптен бірнеше сынамалар жібердік. Бірақ осы күнге дейін ол сынамалардан ештеңе табылмады.