Хабар телеарнасы

БҚО көкөністен тарықпайды

Батыс Қазақстан облысы алдағы жылы көкөніспен өзін-өзі толық қамтамасыз етеді. Мұны аймақ басшысы Нариман Төреғалиев Астанада өткен брифингте мәлімдеді. Өңірге маусымаралық кезеңде 70 мың тонна картоп пен басқа да көкөніс өнімдері қажет. Бірақ облыста қазір жалпы сыйымдылығы 52 мың тонна ғана болатын 30 шақты қойма бар. Сол үшін 2024 жылы 18 мың тонналық тағы 4 қойма салу жоспарланған. Көкөніс сақтау орындарын көбейтуді Президент өз Жолдауында айтқан еді.

Брифингте киіктерді ату мәселесі де сөз болды. Әкімнің мәліметінше, бүгінге дейін 10 мыңнан астам ақбөкен ауланған. Олардың етін 8 комбинат қабылдап, келісін 1 мың 200 теңгеден сатып жатыр. «Алайда сұраныс аз», - дейді әкім. Ал киіктердің егіншілерге тигізген залалы қалай өтелмек? Аймақта 1 мың 350 шаруа қожалығының 1 млн гектардан аса егістігі тапталған. Шығын көлемі 8 млрд теңгеге жуықтайды.

Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
- Әрине, біз жаңағы есеппен шығарып, шаруа қожалықтарының берген өзінің арнайы методикасы бар. Сонымен министрлікке бердік. Министрлік бүгінгі күнге қолдау білдірген жоқ. Себебі қаражаттың жетіспеушілігі болар. Екінші, неге жергілікті жерлерде субсидия төлемейді дегенге қатысты, біздер қазір субсидияның бірнеше түрін төлеп отырмыз. Енді әрбір жеке адамдардың немесе жаңағы шаруа қожалықтарының барлығын субсидиямен қамту мүмкін емес.