Хабар телеарнасы

Ақмола облысындағы жер дауы қандай шешім табады?

Ақмола облысында шаруаның игеріп, игілігін жергілікті тұрғындар көріп отырған жер кері қайтарылып жатыр. Ақкөл ауданының Домбыралы ауылындағы кәсіпкер, арнамызға осындай шағым түсірді. Айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын аудандық әкімдіктің берген ауыл шаруашылығы жерін, 2021 жылы прокуратура заңсыз деп таныған. Енді биыл сот басқа шешім шығарыпты. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?

«Бұл бір шағын шаруашылық емес. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған ірі серіктестік. Екі гектар аумаққа бірнеше ғимарат салып, жүздеген сауынды сиыр әкеліп, білдей бір сүт фермасын тұрғызған. «Алайда осы еңбектің барлығы еш болғалы тұр»,— дейді кәсіпкер.

Ал асылтұқымды ірі қараларды шаруа Австриядан арнайы алдырған. Сауын аппараты да импорттық. Оның сыртында қаншама техника сатып алыпты.

Мәди Есқараев, серіктестік директоры:
-1 млрд-тан астам ақша салдық. Қазіргі таңда сүтті қасымыздағы көрші районға Шортанды ауданына өткізіп жатырмыз. Болашақта біз енді өзіміз өндіруші болсақ па деген ниетіміз бар.

Енді бұл жердің тарихына тоқталсақ. Мәди Есқараевтың серіктестігіне 400 гектардан астам егістік алқабы былтыр басқа бір ферманың иелігінен өткен. Алайда кейіннен белгілі болғандай содан бір жыл бұрын прокуратура оны «заңсыз берілген» деп таныпты. Бірақ бұған қарамастан Ақмола облысының жер ресустарын басқару департаменті екі шаруашылықтың арасында келісімшарт жасауға рұқсат берген. Сөйте тұра биыл өздері сотқа шағымданады. Осының бәрінен енді жұмыс істеп тұрған кәсіп зардап шегіп отыр.

Мәди Есқараев, серіктестік директоры:
-Мына жерде 20-дан астам жұмысшы жұмыс жасайды күнделікті. Ол дегеніміз – 20 жанұя. Әр отбасыда жоқ дегенде 2-3 баладан болған кезде, енді есебіне жете беріңіз. Малдар қазір бұл жерді алып қойса, арам өлгелі тұр. Өйткені силос-сенажсыз өзіңіз білесіз сүтті бағытты ұстау мүмкін емес ол.

«Иә, құнарлы жем-шөп болмаса, мал шаруашылығы құрдымға кетеді»,— дейді, шаруалар. Себебі серіктестік бұл жерге сиырларға азық дайындау үшін жүгері мен күнбағыс егіп отыр. Шаруаның сөзінше, игеріп отырған жерді енді пайдалана алмайтыны қынжылтады. Ол бұл мәселе бойынша талай мекеменің табалдырығын тоздырып, барлығына хат жазған.

Мәди Есқараев, серіктестік директоры:
-Облыс әкімінен бастап, сонау Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Парламент, Ауыл шаруашылығы министрі, Премьер-министр және де «AMANAT» партиясы, Respublica партиясы деген сияқты біраз мекемелерге хат жолдадық. Алайда, өкінішке орай, бұның ең сорақысы «мынау ДУЗР-дың немесе облыс прокуроры шешімінің дұрыс-бұрыстығын анықтап беріңдерші» деп жазған органдарға қайтадан отпискамен келіп қалып жатыр да сілтемемен.

Ал жерді жалға алушыларға берген – Ақкөл ауданының әкімдігі. Ондағы жер қатынастары бөлімінің жетекшісі, аталған алқапты заңды негізде бердік деп отыр.

Иван Даниличкин, Ақкөл аудандық жер қатынастары бөлімі жетекшісінің М.А:
-Біз 2020 жылы ол жерді Ақкөл ауданы аумағын дамыту бағдарламасы аясында «Фермер» атты шаруа қожалығына ұзақ мерзімге жалға бергенбіз. Себебі заңда инвестициялық жобаларға аукцион өткізбей-ақ беруге болады деген тұсы бар. Біз соны басшылыққа алдық. Кейіннен бұл жерге иелік етіп отырған «Ақкөл-агро» серіктестігі де инвестициялық жобаны жүзеге асырып отыр. Ал прокуратура, ауыл шаруашылығы жерлері міндетті түрде байқау арқылы сатып алыну керек дегенді алға тартады. Бірақ біз өзіміздің ұстанымымызда қаламыз. Аппеляциялық сотта жерді игеріп отырған кәсіп иесін қолдаймыз.

Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің өкілдері болса, «біз прокуратураның айтқанын істейміз»,— дейді. Олардың айтуынша, іс қазір сотта. Ал онда жерді игеру мәселесі мүлдем қарастырылмайды, тек оның заңсыз берілуі қаралып жатыр.

Рүстем Қалиев, облыстық Жер ресурстарын басқару департаментінің бөлім жетекшісі:
-Бұл жағдайда олқылық аудандық әкімдік тарапынан кетіп тұр. Олар жерді жалға беруде заңның кей талаптарын ескермеген. Жер кодексі болса 2003 жылдан бері бар. Онда барлығы анық жазылған. Ауыл шаруашылығы жерлері конкурс арқылы үлестірілуі тиіс.

Жақында аталған мәселе бойынша аппеляциялық сот отырысы өтеді. Оның шешімі қандай болары әзірге белгісіз. «Соңғы кезде елімізде жер заңсыз берілген»,— деп жергілікті әкімдіктің қаулысына қадағалаушы органдардың шағымдануы жиілеген. Біз Ақкөл ауданындағы жағдай бойынша облыстық прокуратураға сұрау салғанымызда олардан:«сот шешімі шығып қойған. Сол себепті қандай да бір пікір білдіре алмаймыз»,— деген жауап алдық. Жалпы жерді тиімді игеріп, оны шағын және орта бизнес өкілдеріне пайдалануға беру жайлы Президент үнемі айтып жүр.

Цитата
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Өнім өндіру үшін ең алдымен, жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуі тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Аян Сәрсенбаев