Хабар телеарнасы

Алматыда 17 нысан тексеруге алынды

Алматыда құрылысы тоқтап қалған нысандарға жоспардан тыс тексеру жұмыстары басталды. Оған тұрғындардан келіп түскен шағымдар түрткі болған. Тұрғындар: «қараусыз қалған мұндай орындарға жасөспірімдер әсіресе балалар жиі барады.  Сондықтан қауіпті», - деп отыр. Қаланың көркін бұзып тұрған дәл осындай 17 нысан анықталған.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші: 
- Кез келген құрылыс жұмыстары тоқтатылған соң немесе 6 айдан астам мерзімге созылған кезде нысан консервациялануы қажет. Акт жасалып, жан-жағы бекітіліп, тұрғындар мен қоршаған ортаға қауіп төндірмеуі тиіс. Құрылыс алаңына өтетін жолдар мен өтпелер толық жабылуы керек.

Мына нысанның құрылысы 1983 жылы басталып, 5 жылдан соң тоқтап қалған. Клиника ғимаратына жапсарлас салынған. Міне, содан бері 35 жыл өткен. Ал мына 8 қабатты әкімшілік ғимарат 2000 жылы, ал 10 қабаттан тұратын бизнес орталықтың құрылысы 2008 жылдан бері тоқтап тұр. Мұндай орындар қоршауға алынғанмен, балалар сол маңда ойнауға құмар. Оған қоса ішімдікке әуес қаңғыбастар да сонда жиналады.

Әлмырза Ноғайбаев, қала тұрғыны: 
- Алматы - бүкіл әлемге танылған қала. Миллион халқы бар. Соның ортасында дәл мынадай құрылыс тұруы ұят сияқты. Сырттан келген адамдар бұған күле қарауы да мүмкін, ренжіп қаруы да мүмкін. Күйініп қарауы да мүмкін. Кейбіреулер Алматыда осындай ескерткіш бар екен деп суретке түсіріп алып кетіп жатса, оған таңғалуға болмайды

Бағила Түлкеева, қала тұрғыны: 
- Бастады ма, бастаған істі аяқтау керек. Бұл балалардың өміріне қауіпті. Оның ішіне ойнауы мүмкін. Кішкене балалар. Сүріп тастасын. Осындай салынбай қалған қаншама жылдар бойы тұрған осындай үйлер қаланың сәнін бұзып тұр.

Дәл осындай Алматыда 17 нысан бар. Олар шынында да қала көркін бұзып тұр. Қазір келіп түскен шағымға байланысты қала құрылысын бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Олжас Төлебаев, қалалық қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары: 
- Аталған нысандарда консервация актісі болмаған жағдайда өз тарапымыздан әкімшілік шара қолданып, ҚР Әкімшлік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес құқықбұзушылықты жою жөнінде нұсқама береміз. Нұсқаманы аталған мерзімде орындамаса және де эксперттердің кері қорытындысы болса, жаңағы нысан сейсмикалық тұрақтылығы сәйкес келмесе, құрылыс нормаларына өз тарапымыздан аталған нысанды бұзу жөнінде талап-арыз жолдаймыз сот органдарына.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші: 

- Құрылыстың аяқталмауының басты себебін мамандар тапсырыс берушілер қаржысының жоқтығымен байланыстырады. 17 нысанның қатарында әлеуметтік нысандар да, тұрғын үй кешендері мен әкімшілік ғимарттар бар. Ал арнайы тексерудің қорытындысы осы жылдың соңында белгілі болады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов, Валентин Лобанов