Хабар телеарнасы

Қостанайлық диқандар астықты өткізе алмай отыр

Жаңбырлы күзде жиналған өнімнің сапасы төмен. Мысалы, Фёдоров ауданында бидайдың 20% үшінші сұрыпқа жатқызылса, қалғаны сапасыз деп танылды. Бұған қоса орақ науқаны толық аяқталмай өнімнің бір бөлігі далада қалған.

Татьяна Пфунт басқаратын шаруашылық орақ науқанын тамыздың ортасында бастаған. Жиын-терім жоспарға сай жүріп жатты. Фермерлер тіпті арпа жинап, тұқым даярлап та үлгерген. Бірақ кейін толассыз жаңбыр басталып, бидайдың сапасы күрт нашарлаған. Енді шаруа сапасыз астықты қайда өткізетінін білмей дал.

Татьяна Пфунт, шаруа қожалығының басшысы:
- Ауыл шаурашылығы министрлігі сапасыз астықты сатуға көмектеседі деп ойлаймын. Себебі бұл жұмысты өзіміз атқара алмаймыз. Мәселе көп. Тым арзан болғандықтан алып-сатарларға жем боламыз.

Биыл Фёдоров ауданында 400 мың гектар жерге бидай егілді. Көктемгі дала жұмыстары еш кідіріссіз өтті. Бірақ табиғат тосын мінез танытып, гектар өнімділігі 13,5 центнерге төмендеп кетті. Себебі тамыз, қыркүйек және қазан айларында ылғал мол түсті. Мамандардың айтуынша, оның көлемі 310 милиметрге жеткен. Бұл нормадан үш есе артық.

Әділбек Оразбаев, Фёдоров аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:
- Элеваторлар астыққа толы болды. Бидайды қабылдауға үлгере алмай жатты. Себебі, ылғалдылық деңгейі 20% жетті. Ал кептіру техникасы бар шаруашылықтарға оңай болды. Яғни астыққа қажет техниканы жыл сайын жаңартып, тыңғылықты дайындау керек.

Шаруаларға мемлекеттен көмек сұраудан басқа амал жоқ. «Осы уақытқа дейін несие төлеу мерзімі шегерілген. Десе де бұл мәселені шеше қоймас», - дейді олар. Ал салалық министрлік өкілдері фермерлер көмексіз қалмайды деп отыр.

Кенжеғозы Жұмандықов, ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы: 
- Ауыл шаруашылығы министрлігі жағынан 350 мың тонна классыз бидай сатып аламыз деген болжам болған. Бірақ облыс басшылары ауыл шаруашылығы министрлігіне бұл көлемді 2 млн дейін ұлғайтуға сұраным берілген және Үкімет үшінші классты бидайды 120 мың теңгеден сатып алуға төртінші классты бидайды 105 мың теңгеден, бесінші классты 90 мың теңгеден, классыз бидайды 70 мың теңгеден сатып аламыз деп жариялаған.

Қазір Қостанай облысында 2 млн тоннадан астам сапасыз бидай жиналды. Ал Фёдоров ауданында күзгі жиын-терім қашан аяқталары белгісіз. 50 мың гектар аумаққа әлі орақ түскен жоқ.

Осы мәселеге қатысты біз Азық-түлік келісімшарт корпорациясына сұрау салдық. Айтуларынша, 5 сұрыптағы және сапасы төмен астықты сатып алу, келесі аптада басталады. 

Тобылбек Омаров, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ аппарат жетекшісі: 
- Сатып алу үшін 3-4 класс өте жоғары болып саналады. Оған сұраныс нарықта да бар. Оны сатып алудың қажеті жоқ. Оны ұн комбинаттары, экспортқа шығаратын комбинаттар және тұқым ретінде салып қойған. Сондықтан ол проблема емес. Проблема болып тұрғаны сапасы төмен астықтар және 5 класс. Осыған байланысты Үкіметтен қаражат бөлінетін болса, оларды сатып алуға дайынбыз.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Артём Грапов және Ермек Мұхамедьяров