Хабар телеарнасы

ШҚО облысының кәсіпкерлері лецитин өндіруді қолға алды

Қазақстанда тұңғыш рет лецитин өндіріледі. Бұл істі Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері қолға алды. Ол туралы аймақ басшысы Ермек Көшербаев, Астанада өткен брифингте айтты. Күнбағыс дәнінен сұйық дәрумен шығаратын зауыт келесі жылы іске қосылмақ. Ал 2025 жылдан бастап құрғақ лецитин өндіру жоспарланған. Өңірде тағы қандай жобалар жүзеге асырылады? Шекаралық облыстың дамуы қалай?

700 мыңнан астам халқы бар Шығыс Қазақстан облысының дамуы қарқынды. Сан салада өсім байқалады. Мәселен биыл өнеркәсіп өндірісі 9%, ауыл шаруашылығы 5%, инвестиция 7%, ал сауда 8% артқан. 30 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, орташа жалақы 18% өсіпті.

Еліміздің шығысы – өнеркәсіптік аймақ. Өңірде 1 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта олардың қатары тағы көбейеді.

Ермек Көшербаев, ШҚО әкімі:
-2030 жылға қарай Малеевское секілді бір қаланы алып жүретін ірі кен орындары игеріледі. Бұлардың өңір экономикасына ықпалы зор. Іске қосылатын Ново-Лениногор, Долинное, Чекмар, ол «Казцинкке» жататын жаңа кен орындары 2035-2040 жылдарға дейін кен өндіруге мүмкіндік береді.

Шығыс Қазақстан облысы – елімізді өсімдік майымен қамтамасыз етіп отырған басты аймақтардың бірі. Өңірде 12 май зауыты бар. Олардың кейбірінің тарихы тіпті, 100 жылдан асады. Ал өнімдері ішкі нарыққа ғана емес, көрші мемлекеттерге де сатылып жатыр.

Ермек Көшербаев, ШҚО әкімі:
-Қуаты 50 мың тонналық жаңа «Алтай май» зауытын іске қосу жоспарда. Бұрынғы өндіріске жаңа зауыттар қосылғанда май тұқымын қайта өңдеу көлемі 900 мың тоннаға жетіп қалады. Өсімдік майы экспортау 2 есе өседі деген болжам бар.

Еліміздегі су қоймаларының 40% шығыста жатыр. Сондықтан болар, аймақта балық шаруашылығы дамып келеді. Соңғы 3 жыл ішінде 3,5 мың тоннадан астам балық өсіріліп, өзен-көлдерден 10 мың тонна шортан мен сазан ауланған. Оның біразы Ресей, Қытай және Еуропаға экспортталады. Облыс туризмді де мықтап дамытуға ниетті. Ол үшін жолдар жөнделіп, жаңа демалыс орындары салынбақ.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Құдайберген Аймырза