Хабар телеарнасы

Алматы облысында егістікке су жеткізетін арықтар мен арналар тозған

Салдарынан тіршілік нәрінің жартысына жуығы топыраққа сіңіп жатыр. Бұл туралы аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев елордада өткен баспасөз мәслихатында айтты. Әкімнің мәліметінше, жалпы ұзындығы 9,4 мың шақырым болатын су жүйелерінің және гидро-техникалық нысандардың 70% ескірген. Ал өңірде дәстүрлі әдіспен суарылатын 243 мың гектар алқап бар. Олардың көбі судан таршылық көріп отыр.

Мәселен, Жамбыл ауданындағы шаруалар судың мүлдем жетпейтінін айтады. Ал, облыс әкімі, ирригация бағдарламасы қабылданып, алдағы 3 жылға 100 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылғанын жеткізді. Бұл ақшаға бөгеттер салынып, су желілері жаңартылмақ.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
- Жамбыл ауданында 28 мың гектар суармалы жер бар. Әрине, біз бағанағы ирригация бойынша жұмыстарды биыл бастап кеттік. Жамбыл ауданының өзіне 8 млрдқа дейін. Су үнемдеу технологияларын қолданбаса, ол проблема шешілмейді. Сол себепті біз бүгінгі күні сол жұмысты жүргізіп, насихаттап жатырмыз, қандай субсидия бар су үнемдеу технологиялары бойынша.

Мұнан соң әкім «Алтын орда» базарындағы жағдайға қатысты да түсініктеме берді. Айтуынша, былтыр арнайы тексеріс нәтижесінде 300 астам заңбұзушылық анықталған. Қазір олардың жартысынан астамы жойылып, бюджетке 1,6 млрд теңге кіріс кірген. Одан бөлек заңсыз жұмыс істеп жүрген 200 жуық шетел азаматы да табылған. Ал соңғы оқиға контролердың саудагерлерден артық ақша жинауы болды. Бірақ ол дереу жұмыстан қуылған.