Хабар телеарнасы

Қызылорда өңірінде күріштің жаңа сұрпы шығарылды

Қызылорда өңірінде күріштің жаңа сұрпы шығарылды. Ол су үнемдей отырып мерзімінен ертерек мол өнім алуға мүмкіндік береді. Мұны облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елордамызда өткен есепті кездесуінде мәлімдеді. Аймақ басшысы атап өткендей, биыл су тапшылығына қарамастан әр гектардан 56,5 центнерден - жиыны 503 мың тонна өнім алынған. Сондай-ақ 872 гектар алқапта су үнемдеу технологиясы пайдаланылыпты. Ал күріштің жаңа сорттарын шығарып, өнім сапасын арттырумен Ыбырай Жақаев атындағы ғылыми-зерттеу институтының мамандары айналысып жатқаны айтылды. 

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
-Біздің қазіргі қолданып атқан сорттарымызға қарағанда ол 15 күнге ерте пісті. Орақ бізде 15 күн ерте түсті. Ол да суды үнемдеуге үлкен өзінің септегін тигізеді. Біз сол жұмыстарды жалғастырып алдағы уақытта, келесі жылы да егіп көреміз, көбейтіп. Ол тағы да өнімді биылғыдай жақсы беретін болса, 25-ші жылдары толық сол жаңа сорттарға, тез пісетін, суды аз қажет ететін, соған біртіндеп көшетін боламыз.

Сондай-ақ қызылордалықтарды сары уайымға салып келген ыстық су мәселесі шешілетін сыңайлы. Өңірде инвесторлар есебінен құны 215 млрд теңгеге жаңа жылу электр станциясы салынып жатыр. Ол 2025 жылы пайдалануға беріледі. Жаңа нысан қуат көзі мен жылуға сұранысты облыс аумағында толық жауып, артылған электр энергиясын басқа өңірлерге де шығаруға мүмкіндік береді.