Хабар телеарнасы

Қарағандыда өткен бизнес-форумда өңірдің даму болашағы талқыланды

Қарағанды облысының әкімшілігі туризм және машина жасау саласындағы инвесторлармен біріккен жобаларды жүзеге асыруға дайын. Ол үшін Қарқаралы қаласынан 70 гектар жер дайындалған. Инвсторларға да қолайлы инвестициялық климат жасалмақ.

Бірегей жобалар туралы «Qaragandy Business 2023» форумында айтылды.

Бизнес форумға Қарағанды облысындағы экономиканың әр секторын қамтитын шағын және орта кәсіп өкілдері қатысты. Биыл мұндағы бизнес өкілдерінің саны 12 % артқан. Өңірдегі шағын кәсіп пен ірі бизнес өкілдері арасында тығыз байланыс, мызғымас көпір орнату мақсатында арнайы форум ұйымдастырылды.

Асқар Оразбеков, облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер: 
- Біздің компания қазіргі кезде бірнеше жаңа жобаларды қарастырып жатыр. Қазір бізде 200 аса адам жұмыс істейді. Оның көп бөлшегі Қазақстан азаматтары.

Қуандық Қазанғапов, кәсіпкер: 
- Резина, резина-металл футировка шығарамыз. Биыл осы «Сарыарқа» ЕЭА-да біздің зауыт, қазір тағы 10 га жер алдық, сол жерге қосымша литейный зауыт салып жатырмыз. Жаңа өнеркәсіпті ашқан соң жұмысшыларды 200-250 дейін арттырамыз деп отырмыз.

Соңғы жылдары 5 мың бизнес жобаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 23 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде шағын және орта кәсіпорындар өндірген өнім көлемі 3,5% артты. Осы салада 240 мыңға жуық азамат нәпақасын тауып отыр. Қарағанды – еліміздің орталығында орналасқандықтан, бизнес жүргізуге өте қолайлы. Қазір өңірде туризмді дамыту қолға алынған. Мұнда ТОП 10 кіретін Балқаш, ТОП-50 кіретін Қарқаралы бар. Ендігі мақсат – жаңа инвесторлар тарту.

Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:
- Қарқаралы ауданы мен Балқаш облыстың басты туристік аймақтарының бірі. Қазір біз автобан құрылысын аяқтауға жақынбыз. Бұл бірегей көл жағасында әдемі демалысты ұйымдастыруға жол ашады. Қарқаралы өңіріне баратын 50 шақырым жол жөнделді, келер жылы тағы 50 шақырымын жөндейміз. Осылайша ондағы 70 гектар жерді туристік бағытқа дайындаймыз. Жобаға қызығушылық танытқан инвесторлармен жұмыс істеуге дайынбыз.

Биыл өңірде 7 демалыс аймағы ашылған, келесі жылы тағы 7 демалыс орыны өз жұмысын бастайды. Онда 1,5 млрд теңге инвестиция салынған. Қарағанды облысы 1 жыл ішінде бизнеске қолайлы жағдай жасаудан 5 орыннан 2 орынға көтерілді. Мұны Жоғары аудиторлық палата өкілдері растап отыр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар