Хабар телеарнасы

Жамбыл облысындағы 5 елді мекеннің тұрғындарына жылу берілді

Кеше түн ортасында өңірдегі магистральды газ құбыры жарылып, 980 үй және 8 әлеуметтік нысан жылусыз қалған еді.

Түн жарымында жылусыз қалған 5 елді мекеннің бірі – Гродеково ауылы. Магистральды газ құбырының үзілген жері де осы маңда. Апатты алғаш байқағандардың бірі Алексей Килиевич. Ол қатты дүмпуден шошып оянып, сыртқа шыққан. Артынша көгілдір отынның өшкенін байқайды. «30 градус аязда баспанамыз бірден суып кеткендіктен, ескі пешті жағып жылындық», - дейді тұрғын.

Алексей Килиевич, ауыл тұрғыны:
- Сыртқа шыққанымда мүңкіген газ иісін бірден сездім. Үйде отынмен жылитын ескі пеш бар болатын. Алайда оны бірден жағуға жүрексіндім. Бірақ үй іші суып, бала-шағам жаурай бастаған соң тәуекел етіп, ағаш жағып, үйді жылыттым.

Апат салдарынан 1000 жуық тұрғын үй мен әлеуметтік 8 нысан жылусыз қалған болатын. Жергілікті билік ең алдымен сол әлеуметтік ғимараттарды баламалы жылыту көзіне қосты. Апатқа байланысты аймақта арнайы штаб құрылып, 6 бригада жұмылдырылды. Ескі құбырдың егістікпен өтетін бөлігі бүлінген екен.

Бақтияр Көпбосынов, «ҚазТрансГаз аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры: 
- Олар суармалы жер болғаннан кейін стойкалары осадка берген. Деформация болған. Мына қатты суықта сол кезде разрыв болды. Нәтижесінде 4 труба стыктан кетіп қалды. Қазіргі таңда бітті жұмыстар.

Дамир Тұңғатов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы: 
- Қалпына келтіру жөндеу жұмыстары толыққанды аяқталды. Газ құбырларында сынақтан өткізу пневмо сынақтан өткізу жұмыстары жүргізуде. Әрі қарай сәйкесінше қысымы 4 атмосфераға дейін газ берілетін болады.

Айта кетерлігі, Таразда соңғы 3 күнде сынап бағанасы 30 градусқа дейін төмендеді. Салдарынан облыс ортағындағы жеке секторларда да көгілдір отын өшіп жатыр. Әкімдікке мыңнан аса арыз келіп түскен. Сол мекенжайларды бірнеше күннен бері газ қызметкері аралап, ақауларды жөндеп, жылу жүйесін қалпына келтіріп жатыр.

Мерей Бает Бақытжан Бапаев Елдар Байділдә