Хабар телеарнасы

Желтоқсан ақиқатының ашылмауына кімдер мүдделі?

Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Біз осы мерейлі мерекеде халқымыздың бостандық туралы арманын ақиқатқа айналдыруға өлшеусіз үлес қосқан ерлердің рухына тағзым етеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, осылай деді. Ал Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары желтоқсан қаһармандары болатын.

Желтоқсан – 86, ызғарлы күн,
Мұз бен қар жылжығандай құздан бүгін.
Өттің де астан-кестен, ойда жоқта,
Артыңа ұмытылмас із қалдырдың.

Ақын Аққұштап Батыгерееваның Желтоқсан көтерілісіне қатысты осылай деп басталатын туындысы бар және ол Жұбан Молдағалиевтің рухына арналады. Бұл өлеңнің тарихына сәл кейінірек тоқталамыз.

Ал бүгін 16 желтоқсан. Осыдан 37 жыл бұрын дәл осы күні Алматыдағы орталық алаңда азаттыққа деген «балаң бұлқыныс» басталып жатқан...

Өрімдей ұл-қыздар Мәскеудің шешіміне қарсылық танытып, «әр халыққа – өз басшысы» деп ұрандатты. «Желтоқсанға» қатысқан сол жастардың 90% ауылдан өсіп-өніп шыққандар деседі. Яғни олар ұлттық мүддеге бөгіп, қазақы ділмен тәрбиеленіп келгендер. Сондықтан Желтоқсан көтерілісі көлемі және ұлттық мүдде тұрғысынан Кеңестер Одағындағы демократиялық қозғалыстарды бастап берді. Кейін шерулер одақтас республикаларға тарады, Бакуде, Тбилиси мен Вильнюсте болды.

Алматыда алаңға шыққандарды «бұзақы», «экстремист», «маскүнем» және «нашақор» деп атап, оларды «ұлтшыл» деген айыптағандар болды. Және солай дегендердің дені – қазақтың бетке ұстарлары еді. 1986 жылғы желтоқсанның 21 «Вечерняя Алма-Ата» газетінде қазақ жазушылары мен өнер адамдарының жастарды жазғыра жазған үндеуі басылды. Кейін бірер елге есімі белгілі тұлға «мен қол қойған жоқпын» деп ат тонын ала қашқанына да тарих куә.

Әңгіменің әлқиссасында Аққұштап Бақтыгереева «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп күркіреген Жұбан ақынның рухына неге жыр арнады? Себебі арнайы жиында Колбинге көбі жылы сөз айтып жағынып жатқанда Жұбан Молдағалиев «Ұлы Отан соғысына» қатысқанын айта келе, қазақ жастарын солдаттардың итпен қуып, сапер күрегімен ұрғанын, қазақ қыздарын шаштан сүйрегенін естіп жыладық, мұны көргенше соғыстан қайтпай қалғаным жақсы еді» деп ақиқатын айтқан аздың бірі болыпты. Міне, кей деректі осылай ашып, ашық айтуымыз керек.

Біз осы күні жаттанды сценариймен қойылым қойып, жылда ғылыми конференция, дөңгелек стол өткізсек те, трагедияның түп тамырына үңіле алмай, бетін ғана аршып жүрген жоқпыз ба? Себебі 2 жыл бұрын Мемлекет басшысы «Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алуы керек» деп бұл тақырып жаңа қырынан зерттелсін деген. Желтоқсан көтерілісіне 37 жыл, Президент айтқалы 2 жыл толды. Не өзгерді? 

86 жылы алаңға талап-тілегімізді айтамыз деп келген целинаградтық жастардың қатарында Нағима Шахманова да болған. Сол кезде 19 жасар қыз соққының астында қалып, қамауға алынам деп ойлаған жоқ әрине. Алайда мұздай қаруланған жасақ жастарды автобустарға тиеп, бірден қамауға алды. Ақыры тергеу, оқудан шығару, қудалау...


Нағима Шахманова, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы: 
- «Екінші күні жиналысқа келіңдер», - деді. Үлкен жиналыс болып, бізді «сауатсыз, надан, нашақорлар» деп оқудан шығарып жіберді. Комсомолдан шығарды автоматты түрде, оқудан шығып қалдық.