Хабар телеарнасы

Астананың қарлы бораны жұртты әбігерге салып жатыр

Астананың құбылған күн райы жұртты әбігерге салып жатыр. Коммуналдық мекемелер күшейтілген жұмыс кестесіне көшірілді. Бірақ қоғамдық көліктер жүрісінен жаңылып, біраз астаналық сағаттап аялдамада тұруға мәжбүр болды. Қолайсыз ауа райы қашанға дейін жалғасады? 

Астанада нағыз қыс енді басталды. Кеше қалың қар жауса, бүгін борап тұр. Мұндай ауа райы қыстың сәні болғанымен, кісілер мен көліктердің жүріп-тұруына қиын.

Бүгін біраз астаналық автобус күтіп жұмысқа кешіккен. Қыпылықтап қар жауса бітті, қоғамдық көліктің кібіртіктеп қалатыны әдетке айналған.

Амангелді Жүсіпов, қала тұрғыны:
-Қалада кептеліс. Сағаттап тұрамыз. Жететін жерімізге жету қиын. Үлгеріп жатқан жоқ. Өйткені міне кешеден бері жүрміз тоқтаусыз. 

Қала әкімдігі елорда көшелерін қардан тазалауға 1600-ге жуық техника мен 2 мыңнан астам адам шығарғанын айтады. «Қаланы қардан тазалауға қарбаласып ақ жатырмыз»,— дейді.

Азамат Мәшенов, Сарыарқа ауданы әкімдігінің бөлім жетекшісі:
-Негізгі басымдық көшелерді, тротуарларды және үйлердің арасын тазалауға беріліп отыр. Пәтер иелері кооперативтерімен де тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Аялдамалар мен газ тарату қондырғыларының маңайлары да бірінші кезекте тазаланады.

Жұмыстан кешіккен бір басқа. Қардан туған кептеліс жаны қиналғанға жүгіретін жедел жәрдем қызметін де тұсаулайды. Синоптиктер алда үш күн бойы осындай күн райы болатынын ескертеді.

Махамбет Маратов, «Қазгидромет» РМК инженер синоптигі:
-Республиканың солтүстік бөлігінде, сондай-ақ орталығында атмосфералық фронттардың өтуімен түнде қар, күндіз жауын-шашын қар және жаңбыр түрінде күтіледі. Сонымен қатар түнде солтүстік және шығыста қатты қар күтіледі.

Айта кетейін, бүгін қарлы боран салдарынан мектептерде екінші ауысымның бастауыш сынып оқушылары онлайн оқыды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Айбын Құсанбеков