Хабар телеарнасы

БҚО-да «Рожков» кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді

Мұнда жылына 1 млрд текше метрдей шикі газ, 500 мың тоннадай конденсат өндіріліп, өңделмек. Кенішті игеруде 2040 жылға дейін Ұлттық қор - 501 млрд, жергілікті бюджет - 110 млрд теңгеге толығады деп жоспарлануда.

Бұдан басқа акционерлер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 3,1 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Телекөпір жүйесінде жобаны іске қосқан Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының 2030 жылға қарай тауарлық газ өндірісі көлемін 30 млрд текше метрге жеткізу туралы міндет жүктегенін, осыған байланысты Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында газ өңдеу зауыттары салынатынын атап өтті.

2008 жылы ашылған «Рожков» кен орнында 27 млрд текше метр шикі газ, 13 млн тоннаға жуық конденсат қоры барланған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- 2040 жылға дейін мұнда 14,2 млрд текше метр шикі газ және 7,1 млн тонна конденсат өндіру жоспарланып отыр. Бұл көлем «Жайықмұнай» кәсіпорнында өңделіп, нәтиежесінде 13 млрд текше метр тауарлы газ бен 2,3 млн тонна сұйытылған газ өндірілетін болады. Орта мерзімді перспективада біз «Орталық Өріктау», «Батыс Прорва» және «Қаламқас» сияқты тағы бірнеше газ жобасын іске қосамыз. Олардың барлығы жылына 2 млрд текше метрден астам қосымша газ көлемін өндіруге мүмкіндік береді.