Хабар телеарнасы

БҰҰ Семейді сауықтыру қарарын қабылдады

Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Семей өңірін қалпына келтіру туралы қарар қабылдады. Бұл осымен аймаққа қатысты он бірінші қарар.

Семей полигоны маңындағы халықтың денсаулығын жақсарту мен табиғатты қалпына келтіруге бағытталған құжат бірауыздан қабылданды. 

Құжатта халықты сауықтыру, қоршаған ортаны қалпына келтіру және Қазақстандағы Семей өңірінің экономикалық дамуы мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық және іс-шараларды үйлестіру туралы айтылады, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігі.

Дипломаттар БҰҰ Бас Ассамблеясы ядролық сынақтардан зардап шеккен Қазақстан аймағына қатысты алғашқы қарарды 1997 жылы қабылдаған. Ал он бірінші резолюцияның тең авторлығына ұйымға мүше 85 мемлекет қосылды.

Бауыржан Керімқұлов, БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілдіктің кеңесшісі: 
- Семей облысы бойынша бекітілген қарар ядролық сынақтардың, адамдардың, әсіресе балалар мен басқа да осал топтардың өмірі мен денсаулығына ұзақ мерзімді салдарларға қатысты халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығының айқын дәлелі. 

Қарар бойынша Қазақстан Үкіметінің Семей өңірінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектесу үшін ішкі ресурстарды бөлудегі маңызды рөлі мойындалады, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықты «Қазақстанды емдеу және емдеу жөніндегі арнайы бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуге және жүзеге асыруға көмектесуге» шақырады.

Айжан Сыдықова