Хабар телеарнасы

Елордада «Қазақстан-Жапония» бизнес форумы өтті

«Жасыл трансформация» бағытында орнықты даму үшін Қазақстан экономикасы экологиялық жолға қойылған озық елдермен байланысын нығайтуға мүдделі. Мемлекетіміз осы көштен қалмауы керек. Бүгін елордада өткен «Қазақстан-Жапония» бизнес форумына осы тақырып арқау болды.

Күллі әлем жасыл экономикаға көшіп жатқан тұста Қазақстан бұл бағыттан қапы қалмаудың жолын іздеп әлек. Экологиялық өнім шығаруды ту еткен елдердің қатарында ойға оралатыны — Жапония, Оңтүстік Корея және әлбетте Батыс елдері. 2026 жылы Еуроодаққа кіретін импортқа «карбон салығы» яки көміртегі салығы енгізілмек. Бұл шикізат экспорттайтын Қазақстан үшін жағымды жаңалық дерсіз. Бірақ қайта өңдеу өнеркәсібіне арқа сүйеп, дайын өнім шығарғысы келетін мемлекет үшін ойланатын дүние.

Наоши Хиросэ, Жапония-Қазақстан экономикалық ынтымақтастық комитетінің төрағасы:
-Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарында қуат үнемдеу үшін Жапония технологияларын қолдануды ұсынамыз. Бұл жоба қос тараптың «Жасыл трансформация» тұжырымдамасына сай келеді. Осы салада қызмет ететін бірқатар компаниямыздың Қазақстанда еншілес кәсіпорындары бар. Былтыр екі ел арасында қол қойылған меморандумдар күшіне енеді деп сенемін.

Кей алпауыт мемлекеттердің ауаны ластайтын ірі зауыттарын өзге елдердің аумағында салуының себебі — болашақта «карбон салығынан» жалтарудың қитұрқы бірақ заңға сай жолы. Ел аумағында жұмыс орнын көбейткісі келетін Қазақстан қазірден бастап опық жеп қалмаса игі.

Тимур Нақыпбеков, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:
-Бізде өз тарапымыздан ұсыныс көп. Әсіресе жапон тарапын қызықтырып отырған шикізаттық емес саланы алатын болсақ, бұл біздің ауыл шаруашылығының потенциалы, сонымен қатар энергетика. Бізге жапон тарапынан негізгі керек мәселе, ол технологиялар. Сондықтан өзіміз де қазір шикізатты өңдеу және қайта өңдеуді нығайту үшін бізге осы заманауи технологиялар қажет.

Осылайша күншығыс елінің кәсіпкерлері қазақстандық әріптестерімен сауда-саттықты нығайтуға мүдделі. Екі ел арасындағы алыс-беріс көлемі алдыңғы жылы 1 млрд 900 млн АҚШ долларын құраса, былтырғы тауар айналымының көлемі 2 млрд доллардан асты.

Айта кеткен жөн, Қазақстан Жапонияға көбіне шикізат экспорттайды. Оның ішінде ферроқорытпа, тантал, алюминий бар. Ал Күншығыс елінен бізге дайын өнім келеді. Автомобиль, автошиналар, жүк көліктері, медициналық жабдықтар және құрылыс техникасы.

Форумға қатысқан Елдос Толқынбеков отандық құрылыс саласындағы орнын ойып тұрып алған кәсіпкер. 2012 жылдан бері Жапониямен сауда-саттық жүргізеді. Ол басқаратын компания шетелдік қасбет панельдерін Қазақстанда сатумен айналысады. Сөзіне сүйенсек, фиброцемент материалынан жасалатын тауар түрі құрылыста экологиялық таза өнім саналады.

Елдос Толқынбеков, кәсіпкер:
-Бүгін өткен форум қызықты болды. Ұйымдастырушыларға да көп рахмет. Бірақ менің ұсынысым болашақта осындай форумға орта және шағын бизнес өкілдері көбірек шақырылса деген ойым бар. Неге десеңіз, әрине ірі компаниялар экономиканы алға жүргізеді. Бірақ экономиканың негізі орта бизнес деп ойлаймын.

Іскер азаматтың айтуынша, экологиялық панель шығаратын жапондық станоктарды біржола елге әкеліп алуға болады. Бірақ шығын ақталуы үшін қасбет өнімдерін сату көлемі жылына млн шаршы метрге дейін ұлғаюы керек.

Жалпы Жапония Қазақстанға тікелей инвестиция құю көрсеткіші бойынша алдыңғы ондыққа кіреді. 1993 жылдан бері елімізге 7 млрд 700 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат тартылған. Ұлттық банк ұсынған дерек осындай.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Аманжол Байғазин, Аян Сәрсенбаев