Хабар телеарнасы

Қарағандылықтар бериллий өндірісін қайта жандандыруға қарсы

Қарағанды облысы Нұраталды ауылының халқы іргесіндегі бериллий өндірісін қайта жандандыруға қарсы. Жұртшылық жақын жердегі металл қазу адам денсаулығына зиян және мал шаруашылығын дамытуға кері әсер етеді деп санайды.

Берилий ашық жараға түскен немесе өкпеге түскен жағдайда өкпенің қатерлі ісігін, болмаса түрлі жара тудыруы мүмкін. Жергілікті билік өкілдері: «жағдай бақылауда болады, ал өндіріс ауылдың жағдайын кұрт жақсартады», деген уәж айтуда. 

1500 жуық халық мекен еткен Нұраталды – Қарағанды-Алматы жолының бойында тұр. Ауыл іргесінен кеңестік кезеңде-ақ сирек кездесетін химиялық элемент табылған. Жаңа инвестор бір кездері жүргізілген қазба жұмыстарын қайта жандандырмақ. Алайда жергілікті халық бұл бастамаға қарсы.

Еркебұлан Құрмаш, Нұраталды ауылының тұрғыны: 
- Ашық әдіспен өндірілмек, онда қаншама зиянды қалдық болады ауаға, радиация болады. Ол осында отырған халықтың, бала-шағаның денсаулығына зиян.

Батырхан Кәдірбек, Нұраталды ауылының тұрғыны: 
- Малмен, шаруашылықпен айналысып келеміз ғой. Карьер болған соң мұнда шөп өспейді. Сосын жер асты жару жұмыстары жүргізілген соң ол жерасты бұлақтардың көзі ауысып кетеді. Суға зар болып қалуымыз да мүмкін бұл жерде.

Ғалымдар: «мұнда бериллийдің 10 жылдық қоры бар», - дейді. Бұл металл – ракета, медициналық құрал, әсіресе рентген аппаратын жасауға аса қажет. Өндіріс ауылдан 1 шақырым қашықтықта тұр. Кәсіпорын өкілдері жақын тұрған 5-6 үйді көшіреміз деген. Дегенмен халықта үміттен гөрі күдік басым.

Мақсат Жұмкин, Шет ауданы әкімінің орынбасары: 
- Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Инвестор өзіміздің отандық инвестор. Алынған өнім ішкі нарыққа кетеді. Ал енді бұның эфектісін айтсақ, бұл инвестициялық жоба болған соң 4,3 млрд теңге құймақшы бұл азаматтар.

Инвестор жергілікті халыққа ауылдағы бірқатар әлеуметтік мәселені шешіп беруге уәде еткен. Жел соқса сөніп қалатын электр жүйесін ауыстырудан бастамақ. Сондай-ақ 500 жуық ауыл азаматын тұрақты жұмыспен қамту үшін оқытуды жоспарлап отыр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші: 
-Бериллий өзі әлемнің үш мемлекетінде ғана өндіріледі. Ол Канада, Қытай және Қазақстан. Осы бериллийдің шамадан тыс таралуынан адамдар берилиоз деген өкпе ауруына шалдығуы мүмкін. Бірақ мамандар мұнда тек шикізат өндіріліп, қалған жұмыстары Үлбіде жалғасады деп отыр.

Бериллий өндірісі Үлбі металлургиялық зауытында жүргізіледі. Сондықтан ауаға зиянды қалдық тарамайды деп сендірді инвесторлар. Ал экологтардың айтуынша, ауыл азаматтарының алаңдауы орынды. Өндіріс іске қосылмас бұрын халық талабы ескерілуі шарт.

Дархан ісжанов, облыстық экология департаментінің басшысы: 
-Өнеркәсіп қазір ешқандай әрекет жасалып жатқан жоқ. Жаңа Экологиялық кодекс талаптары өте қатал. Егер оны бұзатын болса бірінші айыппұл, екіншіден, нұсқама беріледі. Ал егер нұсқама орындалмаса, әрине, үшінші кезекте кәсіпорын өз жұмысын тоқтатуға мәжбұр болады.

Жоспар бойынша жоба 2025-2026 жылдары іске қосылмақ. Шамамен 700 гектарға жуық аумақта бериллий өндіріледі. Қазір ауыл халқына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 3 мәрте қоғамдық тыңдау өткен.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар