Хабар телеарнасы

ШҚО-дағы көпір құлағалы тұр

Шығыс Қазақстандағы Шемонайха ауданында Үбі өзенінің үстімен өтетін көпір бірнеше жылдан бері қираудың аз-ақ алдында тұр. Жергілікті билік көпірмен өтетін көлік нөпірін реттеуді ұйғарған. Сөйтіп 2008 жылы көпір жөндеуден өтіп, біржолақты қозғалыс тәртібі енгізілді. Алайда бұл шешімге жолаушылар наразы. Аудан орталығын жалғап тұрған жалғыз көпір қашан жөнделеді?

Үбінің үстімен өтетін бұл гидроқұрылғы – Шемонайха қаласына жеткізетін жалғыз автомобиль көпірі. Трансшекаралық маңызы да жоғары. Себебі осы аудан арқылы жұрт көршілес Ресейге қатынайды. 60 жыл бұрын салынған көпір қазір апатты деп танылған. Оған түсетін салмақты азайту үшін соңғы жөндеу жұмыстарынан соң біржолақты қозғалыс енгізілді. Осылайша ары-бері ағылған жолаушылар бағдаршамға бағынуға мәжбүр.

Бақытжан Молдаханов, Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары:
- Екі жақтан көлік жүрсе біріншіден, жүру жолағы сәйкес келмейді, екіншіден, салмағы жоғары болған соң жүк көліктері көпірге қатты әсер етуі мүмкін, көпір құрылысна, көпірдің қозғалмалы бөлшектеріне, барлығына қатты әсер етіп, көпірдің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.

«Алайда біржолақты қозғалыс кептеліс тудырады»,- дейді жергілікті халық. Себебі бұл көпірмен Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейге бағыт алған көліктер де қатынайды.

Павел Максимов, көлік жүргізушісі:
- Біржолақты қозғалыс әрине, жолаушылар үшін өте ыңғайсыз. Бостан бос уақыттан ұтыламыз. Жалпы бұл көпір әбден ескіріп тұр. Басқасын салса да болар еді. Ал әзірге жеделдетіп жөндеу керек деп ойлаймын.

Талай жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселенің түйіні жақында ғана тарқатылды. Көпір аудан теңгерімінен облысқа өтті. «Әйтпесе жергілікті жерде оны жөндей қоятын қаражат жоқ», - дейді мамандар.

Ерлан Уәлиев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары: 
- Жобалық сметалық құжат жасалады биыл, жасалып болғаннан кейін мемлекетік сараптамаға алынады. Биыл сараптаманы аламыз деген ойдамыз, келер жылдары оны іске асу жұмыстары іске асады.

Қайта жаңғыртуға шамамен 10 млрд теңге қажет. Сала басшыларының айтуынша, аудан жұрты асыға күткен жөндеу жұмыстары бір-екі жыл ішінде қолға алынбақ.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов