Хабар телеарнасы

Оңтүстік Кореяға жұмыс істегісі келетін қазақстандықтар алдымен елде оқудан өтуі керек

Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтар алдымен елде оқудан өтуі керек. Санаулы күндерде таңғы шық еліне жұмыс күшін дайындайтын арнайы орталық жұмысын бастайды. Бұл туралы көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Оның сөзінше орталыққа лайықты орын ретінде Қонаев қаласындағы көпсалалы колледж таңдалыпты. Үміткерлер сол жерде корей тілін үйреніп, медициналық тексеруден өтеді. Олар үшін жатақхана қарастырылған. Кейін емтиханнан сүрінбей өткендер жолдамаға ие болады. Оңтүстік Корея тарабы қазір азаматтарымызды қабылдау бойынша соңғы талаптарды нақтылауда.

Асқарбек Ертаев, Көші-қон комитетінің төрағасы:
-Оңтүстік Корея әдетте басқа мемлекеттің еңбек мигранттарына 2 мыңнан 5 мыңға дейін квота береді. Мәселен, Өзбекстан 3 мың адамға квота алады. Бізге қанша беретіні нақтылануда. Әзірге белгілісі азаматтарымыз Кореяға барған соң 3 жылға дейін жұмыс істей алады. Осы мерзімде олардың әлеуметтік және еңбек құқықтары қорғалады.