Хабар телеарнасы

Жер сілкінісі: үй бағасы өзгерді ме?

Алматыдағы зілзаладан кейін қысқа уақытқа жер үйлерді жалдауға деген сұраныс күрт өскен. Мұны тұрғын үй нарығының мамандары айтып отыр. Дегенмен қазір баға бірқалыпты. Мамандар жер үйді жалдауға сұраныстың уақытша өскенін елді билеген үреймен байланыстырады. Ал қала халқы жер сілкінісін әлі ұмыта алар емес. Бүгін қайталанған афтершоктар да еске салып жатыр. Сондықтан дәл қазір жұртшылықты үй бағасынан бұрын баспанасының сейсмикалық қауіпсіздігі алаңдатып отыр.

Күнсұлу Нұржаубаева, қала тұрғыны:
-Мына жердің бәрі жырық міне, босағаның бәрі жырық. Оған дейін болған жоқ, осы зілзаладан кейін ғана болып отыр. Сыртының бәрі жырық екенін көрдіңіздер. Басында ойлағанбыз сыртқы сылақтары ғана жарылып, жарылып қалған деп. Олай емес екен. Сырты деген кәдімгідей жырық болып тұр.

Қаңтардың 23-де болған жер сілкінісі алматылықтарды дүрбелеңге салды. Қабырғасына сызат түсіп, едендегі кафелі жарылған пәтерлердің иелері арнайы комиссия қорытындысын күтпей жөндеу жұмыстарын бастап кеткен. Зілзала қыс кезінде әдетте ұйқыға кететін тұрғын үй нарығын да уақытша болсын оятқандай болды. Баспана нарығындағы мамандардың айтуынша, жер сілкінген күннің ертесінде қала сыртындағы жер үйлер мен саяжайлардағы баспанаға сұраныс күрт артқан. Дені қысқа мерзімге жалға алғысы келген.

Ирина Милаярова, интернет портал шолушысы:
-23 қаңтардан бері саяжайларда орналасқан баспанаға сұраныс 4 есеге өсті. Мұндай үйлер қала маңындағы Алматы облысына қарайтын аудандарда. Жер сілкінген күні бір тәулікке ғана алсақ деп хабарласқандар көп болды. Соның жарнамасының қаралымы көбейіп кеткен еді. Бірақ кешеден бері қайта басылды. Біз әзірге ешқандай қорытынды жасай алмаймыз.

Мегаполисте көпқабатты үйдегі пәтерін жалға берушілердің ұсынысы көбейген. Алушыларды жер үйді жалдау мен сатып алу бағасы қызықтырып отыр. Қазір бір қабатты үйді бір тәулікке жалға алудың орташа бағасы тұрған жеріне, жабдықталуына қарай 70-100 мың теңге аралығында. Ал қала сыртында 10 мыңнан 35 мың теңгеге дейін.

Сұлтан Санатов, жылжымайтын мүлік жөніндегі компания қызметкері:
-Осыған дейін барлығы пәтер сұрап хабаласатын. Енді жер үйдің бағасын білгісі келеді. Бірақ алып жатқан ешкім жоқ. Мәселен, салыстырып көрсек өткен айға қарағанда осы айда жеке секторға 5 есе сұраныс артыпты. Мәселен, желтоқсанда 300 қаралым болса, қазір бұл көрсеткіш 2 мыңға жуықтады. Осыдан-ақ халықтың қорқынышын байқауға болады. Осы айда қанша сатылым болғанын Ұлттық бюро статистикасы ақпанда шығарады.

Сарапшылар мұның бәрі уақытша құбылыс деп болжайды. «Анау айтарлықтай апат болмаса, баға айтарлықтай арзандамайды»,— дейді. Ал қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары кейінгі құрылыс талаптары бойынша тұрғын үйлердің сейсмикалық беріктігі 8-ден 10 баллға дейінгі жер сілкінісіне төтеп беруі тиіс дейді. Олар қазір сейсмикалық электронды паспорт әзірлеуде. Алғашқы кезеңде қаладағы 10 мың 500 ден аса ғимарат тексерілген. Соның 30% сеймикалық жағынан қауіпті болып шыққан.

Ералы Шоқбаров, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ басқарушы директоры:
-Бізде мына Алматы қаласында 9-10 баллдық биіктіктің ғимараттың биіктігіне шектеулер бар. Мысалға, 9 баллда 12 қабаттан жоғары салуға болмайды. Құрылыс нормасы бойынша, ал 10 баллдық аймақта 4 қабаттан жоғары салуға болмайды. Бүгінгі салынып жатқан тұрғын үйлердің барлығында проектік жоба бар. Ол тиісті жасалынады. Мемлекеттік сараптамадан өтеді. Ол үй қалай салынды?

Биыл 13 мыңға жуық нысан тексеріледі. Бірақ бұл сан өзгеруі мүмкін.

Қазір Алматыда залалды анықтау жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатыр. Ал мамандар пәтердің жобасын жөн-жосықсыз өзгертуге болмайтындығын еске салады. Ішкі қабырғаны алып немесе басқа жерден есік шығарсаңыз. Одан қала берді терезені еденге дейін ұзартсаңыз міндетті түрде үйдің сейсмикалық беріктігін де қоса нығайту керек.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құжықбаев, Сұлтан Бейсекенов.