Хабар телеарнасы

Әскерилердің жалақысы көтерілуі мүмкін

Сәуір айынан бастап әскери қызметшілердің жалақысы көтерілуі мүмкін. Бүгін Мәжілісте олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі қаралды. Қорғаныс министрлігі келтірген дерекке сәйкес, қарулы күштегі жауынгерлердің айлығына 2008 жылдан бері индексация жасалмаған. Салдарынан кей жауынгерлердің жалақысы қазір 89 мың теңгені құрайды. Ал рота сержанттарының айлығы 150-180 мыңның айналасында. Соңғы 3 жылда 17 мың әскери қызметші жұмысынан кеткен. Басты себептің бірі — ақшаның аздығы. Қаржыландыруға қатысты кемшілікті алдағы екі айда шешу көзделуде.

Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Қазір нарықтық орташа жалақы деңгейіне жеткізу үшін 40% индексация жасау керек. Сәуірде республикалық бюджеттік комиссия болады. Сол кезде Үкімет тарапынан қолдау болатын болса, депутат ретінде біз талап етеміз міндетті түрде.