Хабар телеарнасы

ЖОО бітірген түлек қандай жалақы алады?

Былтыр жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 77% бірден тұрақты жұмысқа орналасқан. Елімізде жыл сайын 100 мыңнан астам студент диплом алады. Олардың жұмысқа орналасуы мен алатын жалақы деңгейі қандай? Сарапшылар осы туралы статистикалық деректерді жариялады. Ең жоғары көрсеткіш Алматы облысында, ал ең төменгі Жамбыл облысында байқалған. Жоғары жалақы алатын өңірлер қатарында – Ұлытау, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласының түлектері. Жалақының орташа деңгейі 168 мың теңгені құраған. Жастардың 70% оқуды бітіргеннен кейінгі алғашқы 3 айда жұмысқа кіріссе, 29% диплом алғаннан кейін 6 айға дейін еш жерге орналаса алмаған.

Әділет Тойбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы:
-Жұмыс берушілердің 67% түлектердің жұмысына оң баға беріп, қанағаттанған. Білім беру бағдарламасы бойынша 121 рейтинг қалыптастырылды. 190-нан аса сарапшы талдау жүргізді.