Хабар телеарнасы

Каспий деңгейі неге төмендеді?

Халықты Каспий теңізінің бүгінгі жайы мен болашағы алаңдатады. Жыл сайын тартылып, су деңгейінің төмендеуі балық шаруашылығын да тұралатты. Кемелер Жайық өзенінен теңізге өте алмайды не теңізден кіре алмайды. Бағалы су маржандарының азайып кетуі де өзекті мәселеге айналып отыр. Ал жел соқса теңіз табанында қалған шаң-тозаң елді мекендерді басады. Бүгін ғалымдар мен сарапшылар Жайық-Каспий су айдынының мәселелерін талқылады.

Каспийде қордаланған мәселе көп. Теңіз деңгейі соңғы 10 жылда 10 шақырымға дейін шегініп кеткен. Экожүйесі де бұзылған. Осылай жалғаса берсе, Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігі Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін. Ғалымдардың айтуынша, теңіздің тап осы бөлігіне «Қашаған» кен орнынан келетін зиян көп.

Болат Қожиев, қоғам белсендісі:
-Бүгінгі күні Каспийде шынында мұнай да алып жатыр. Бұл енді біздің фауна мен флорасы, жаңа айтып жатыр ғалымдар, осы Каспийдің жағалауында көптеген құнды балық, құстар, өсімдіктер өсіп жатыр, соның барлығына да өте үлкен зиян тигізіп жатыр. Каспий бізді алаңдатады.

Браконьерлердің көбеюі де бағалы балық қорының азаюына әкеліп соқты. Жыл сайын акция ұйымдастырғанымен оларды толық тыю мүмкін болмай отыр. Сондай-ақ Каспий теңізіне құятын судың 80% Еділ өзенінен келеді. Соңғы жылдары Еділден келетін су мөлшері де азайып кеткен.

Нұрлан Ізтілеу, Ғылыми зерттеу институтының жетекші маманы:
-Мен халықаралық жиындарда Каспий маңындағы елдердің бірігіп, халықаралық ұйым құруы керек деген ұсынысты айтып келемін. Біз жедел әрі нақты бақылау жүргізіп отыруымыз қажет. Сондай-ақ экологиялық Каспий қорын құруды да ұсындым. Қаржысыз мұндай өзекті мәселелерді дереу шешу мүмкін емес. Жағдайды толық зерделеп, мемлекет басшылары нақты шешім қабылдауы керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Каспий теңізін зерттейтін институт құрылды. Бұл туралы бүгінгі жиынға қатысқан Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі мәлімдеді. Атырау облысында да филиалын ашу жоспарланып отыр. Мәселені жан–жақты зерделеуге мұндай зертхана керек-ақ. Сондай-ақ Каспий маңы елдерінің ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге де мүмкіндік туады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин