Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында қар құрсауында қалған 161 адам құтқарылды

Соңғы тәулікте Ақтөбе облысында қар құрсауында қалған 161 адам құтқарылып, 653 азамат қауіпсіз жерге жеткізілді. Олардың арасында 17 бала мен 7 жүкті әйел бар. Өңірде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боранда айдалада қалған жандар мен дерті жанына батқан науқастарға бейбіт күннің батырлары көмектесті.

Жүрегі қысылған жанға Хромтау қаласының фельдшерлері бір сағатқа жуық жүріп барған. Қалың қардан көлік өте алмаған соң, жаяу шығуға тура келіпті. Антына адал ақхалаттыларға еліміздің Денсаулық сақтау министрі алғысын білдірді. Бет қаратпайтын ақтүтек боранда Мұғалжар ауданының құтқарушылары да ерлік көрсетті. Халі мүшкіл науқасты ауруханаға жеткізу үшін Төтенше жағдайлар департаменті сарбаздары 18 шақырым жүгіріп өткен. Қардан адым жер көрінбеген соң жол талғамайтын көліктің алдында жүгіріп отыруға тура келген.

Қар құрсауында қалған жолаушыларды полицейлер мен әскерилер де құтқарып жүр. Қозғалысты реттеп қана қоймай, істен шыққан көліктерді сүйреп, жүргізушілерді қауіпсіз жерге жеткізуді қолға алған.

Еркін Өтеген, облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:
-Қазавтожол мекемесімен бірге 70-тен астам машинаны құтқардық. Жүзден астам азаматтар эвакуацияланды. Олар пункт обогрева дейді, жылыту орындарына апарылып, ыстық тамақтарын беріп, т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Темірұлан Сезбекұлы, жолаушы:
-Кешегі күні машинада түнеп қалғанбыз. Бүгін мына жерге келіп бауырларымыз кішкене шай-пай беріп, сол осы жерде жүрміз. Рақмет!

Дәл қазіргі уақытта Ақтөбе облысындағы «Самара-Шымкент» бағытындағы автомобиль жолында қозғалысқа шектеу бар. Сондықтан мұнда мыңдаған көлік иіріліп тұр. Жол бойында қалған жолаушылар мен жүргізушілерге волонтерлер көмекке келген.

Белсенділер күндіз-түні ақтүтек боранмен алысқан жедел-жәрдем қызметтінің қыз-жігіттеріне қол ұшын беруді азаматтық борышымыз дейді. Жол бойында қалған жандарға Қарағанды тұрғындары да жұмыла көмекке келген. Полицейлер облыс орталығы мен Теміртау қаласы арасында қалған мың жарым көлікті қауіпсіз жерге жеткізді. Ас-су тасыған волонтерлер кезекшілік ұйымдастырған.

Ділназ Серікова, волонтёр:
-Жол бойында қалған адамдарға қолдау көрсету үшін ыстық шай мен тамақ жеткіздік. Балалар мен қариялар боран басылғанша Теміртау қаласындағы жатақханаға орналастырылды.

Ал Ақмола облысында екі күн ішінде 87 адам құтқарылды. Жедел қызметтердің жұмысын оңтайлы ұйымдастыру үшін арнайы штаб құрылған. Боран басылып, күн райының тұрақталуын мыңдаған жолаушы күтіп отыр. Соңғы деректерге сәйкес, тек Ақтөбе облысының өзінде екі жарым мыңға жуық көлік діттеген жеріне жете алмай, жол бойында тұр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков