Хабар телеарнасы

Президент боранда жанқиярлық танытқандарды мемлекеттік наградаға ұсынды

Еліміздің бірқатар өңірінде өткен аптада жел күшейіп, біраз әбігерге түскен. Президент боранда жанқиярлық танытқандарды мемлекеттік наградаға лайық деп тапты. Қасым-Жомарт Тоқаев олардың бәріне шын жүректен алғыс айтып, жылы лебізін білдірді. Құтқарушылар, дәрігерлер, полиция және атқарушы орган қызметкерлері барлығы жұмыла еңбек атқарып жатыр.

Тек Ақтөбе облысы бойынша жүздеген адам қар құрсауында қалған жолаушыларға көмек берді. Қазір өңірде ауа райы тұрақталғанымен, әлі де екі ауданда төтенше жағдай режимі сақталып отыр. 

Бауыржан Құдияров - боранды күнде екі әріптесімен бірге омбы қар кешіп, медициналық көмек күткен науқасқа асыққан дәрігер. Өзінің айтуынша, ауыл арасында көлік жүре алмағандықтан, жаяу барудан басқа амал болмаған. Ол 18 жылдық еңбек өтілінде Хромтаудың қатал қысына әбден үйреніпті. Қазір қызметіне адалдық танытқан медицина қызметкерлеріне алғыс айтушы көп.

Бауыржан Құдияров, «Жедел жәрдем» ЖШС фельдшері:
- Енді ол жақта уақыт қой. Біздер видеомен диспетчерімізге жібердік. Қараңыздар, мына жақта жол мынадай болып жатыр, біз сөйтіп бара жатырмыз десек. Ол алған да сетьке жіберген ғой. Сөйтіп ойда жоқта жұлдыз болып кеттік. Жұмыста сол ауа райына үйренгеннен кейін бе, не болса да, әйтеуір ештеңеге қарамай науқастың жағдайын көруге тырысамыз.

Ұйытқып соққан боранды күндері төтенше жағдай, полиция және әскери бөлімдерден 300 астам қызметкер күшейтілген режимде жұмыс істеді. Жағдай күрделене түскен ақпанның 7 мен 10 аралығында 161 адамды қар құрсауынан алып шыққан. Олардың арасында 17 бала мен жүкті әйелдер және шетел азаматтары бар.

Әлішер Сарбаев, облыстық ТЖД бөлімінің бас маманы: 
- Қазіргі уақытта облыстың жылыту пункттерінде 210 адам, оның ішінде 19 бала бар. Жылыту пункттерінде адамдар азық-түлікпен қамтамасыз етілген.

Қазір өңірде барлық бағыт бойынша жол ашық. Дегенмен «Самара - Шымкент» дәлізінінің бойында әлі де мыңға жуық көлік тұр.

Марден Өтенов, QazAvtoJol ҰК АҚ АОФ бөлім басшысының міндетін атқарушы: 
- Ақтөбеден Хромтау бағытына шыға берісте жиналған 900 жуық көлік түрлері бар. Әртүрлі себеппен кемпингте орналасқандар көліктерінен ақаулықтар шыққан. Қазір олардың саны азаюда.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші: 
- Өңірде ақтүтек бораннан кейін жағдай тұрақтала бастаған. Алайда екі бірдей ауданда жарияланған табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі әлі сақталып отыр. Атап айтқанда, Әйтеке би мен Хромтау аудандарында 4 мектептегі спортзалының шатыры ұшқан. Сондай-ақ екі білім ұясының сайдинг материалынан салынған қаптамасы күшті желдің кесірінен ашылған. Қазір екі ауданда да арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Шығын көлемін анықтайды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев