Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысының бірқатар ауданында мал шығыны тіркелді

Мұғалжар ауданының Ақсу ауылы маңында бір үйір жылқы мұз болып қатып қалған. Ертелі-кеш жылқыға жем-шөп тасыған шаруалар қыс ұзап кетсе, төрт-түлік қырылуы мүмкін деп алаңдайды.

Ақтөбе облысында бірнеше күн қатарынан соққан ақтүтектен кейін жылымық орнап, арты саршұнақ аязға ұласты. Кей жерлерде қардың қалыңдығы белуарға жеткен. Тебіндеуге қылтиған шөп таппаған бір үйір жылқы боранмен ығып сай-салада бас сауғалаған. Алайда мұзда адымдай алмаған жануарлар сіресе қатыпты.

Ауылдағы ағайын әдетте тебіндеп жүретін жылқыны елді мекендердің маңына қайыруға шықты. Себебі бүгін көп жерде сырғақ жауып, айнала көк мұз болған. Алыс кеткендерін түрлі көлікпен іздеп әлек.

Мұндай жағдай облыстың теріскей беткейінде байқалды. Жылқышылар қыс ұзақ болса, төрт-түлік қырылады деп алаңдап отыр. Жиған-терген мал азығы аздық етуі мүмкін дейді. Алайда облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері жағдай тұрақты дейді. Тек Мұғалжар ауданында ғана бірлі-жарым жылқының ұшасы анықталған. Өзге аймақтарда мал шығыны жоқ. Жаппай қырылу дерегі болмайтындығына да сенімді. Себебі жем-шөп жеткілікті.

Панабек Бимұратов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
-15-20 жылда қайталанатын құбылыс. Биыл бір ерекше қиындық туындатып тұр. Дей тұрғанмен малдың жаппай қырылу деген қауіп болуға тиісті емес. Өйткені мал қыстату науқанына 2 млн 800 мың тоннадан астам ірі сабақты мал азығын дайындадық. Ол шөп, одан басқа жемдік азықтың да қажетті қоры жинақталды.

Қар аралас жаңбыр облыстың барлық ауданында жауған. Дәл қазір өңірде жер көктайғақ. Синоптиктер облыстық батысы мен солтүстігі және шығыс бөлігінде көктайғақ болуы мүмкін деп болжап отыр. Тұман да бар. Сондықтан ауылдағы ағайын үшін жағдай қатерлі болып қала бермек.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков