Хабар телеарнасы

Эпилепсиямен ауыратын адамның миына күрделі операция жасалды. Өңір жаңалықтары

Қызылорда қаласы Белкөл кентінде оқушының қазасынан кейін №189 мектептің директоры мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен кетті. Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, мектептегі жауапты мамандар тәрбие жұмыстарына салғырт қараған. Жасөспірім түске дейін сабақта болған. Күндіз сағат екілер шамасында көпқабатты үйдің кіреберісінен 9-сынып оқушысының денесін тапқан. Үш сыныптасы оны жақын маңдағы ауруханаға жеткізген. 

Батыс Қазақстан облысының экономикалық тергеу департаменті заңсыз жұмыс істеп келген 4 кәсіпкерлік нысанын анықтады

Олар салықтан жалтарып, табысын жасырып келген. Сот шешімімен 3 кәсіпкер кінәлі деп танылды. Ал төртіншісі мемлекетке төлеуі тиіс болған 600 миллион теңге салықты аударатын болды. Қарағандылық дәрігерлер эпилепсиямен ауыратын адамның миына күрделі операция жасады. Елімізде мұндай операция алғаш рет жасалып отыр. Дәрігерлер мидың жеке бөліктерін белсенді ететін қондырғы орнатқан. Жалпы бұл дертпен ауыратындардың 30% хирургиялық жолмен емделеді. Қалған 70% емнің басқа түрлері қолданылады. 

Былтыр Шымкентте 18 әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болған

Қоғамдағы бұл мәселеге арнайы семинар-тренинг арналды. Оған қатысқан жастар: «Отбасында жәбір көрген кез келген адам полицияға шағымданып, құқығын қорғауы керек»,— дейді. Шымкентте отбасылық қиындықтарға тап болған адамдарға көмектесетін дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Онда жәбірленушімен қатар, отбасында бала-шағасы мен әйеліне күш қолданатын еркектерге де психологиялық кеңес беріледі.