Хабар телеарнасы

Жылқы қырғыны қашан тоқтайды?

Ақмола облысында жылқылар арам өлім жатыр. Мал ұстаған қауым «Жылқы жұтқа ұшырады, жергілікті маңызы бар төтенше жағдай жариялау керек»,- деп дабыл қағуда.

Біржан сал, Бурабай және Зеренді аудандарында жағдай күрделі. Ақкөл, Астрахан, Атбасар аудандарында да осы мәселе тұрғындарды алаңдатып отыр. Далада арам өліп жатқан жылқы көп. Қорадағы көтерем малдың да жағдайы қиын. Еліміздің тағы бірнеше өңірінде осындай қауіп бар. Ал қыс арқа мен шығыста әлі 1 айға созылатынын ескерсек ,жағдай алаңдатарлық. Қам-қарекет қандай?

Жұт келіп жылқы қырылып жатыр десек қара аспанды төндіргендей боламыз ба? Бірақ Қамбар ата түлігінің төрт аяққа тұра алмай жүздеп жығылып жатқанын несіне жасырамыз?  Ахуалдың асқынғаны сол,  керек болса жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялау керек деп өткен аптада депутаттар да мәселе көтерді. Әсілінде түйткілдің төркіні белгілі. Желтоқсандағы жөнсіз жауын-шашыннан соң аяз түсіп, жер дүниенің барлығы тоң боп қатты. Жылқы тебіндей алмай жүр қазір. Ол аз десеңіз ақ түтек боран мен сақылдаған сары аяз өз алдына. Әлгі Абайдың кәрі құртаң қыс келіп әлек салды дегені осы да. Қалыптасқан жағдайды жұтқа телитін болсақ, мәселенің масштабы мынау.

Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарында тебіндегі жылқы малының өлу жайттары тіркеліп жатыр.  Ал Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы қысқы жайылымдардың жағдайы нашарлап кетті. Яғни дер кезінде қамданыс болмаса, бұл өлкелерде де Қамбар ата түліктері қырылуы мүмкін. 

Шығыстағы марқакөлдіктерді Жаңа жыл кіре қар қыспаққа алып-ақ тұр. Жергілікті көзкөргендердің айтуларынша бұндай қатты қыс 1966 жылдан бері болмапты. Сол кезде жұт келіп, мал қырылған екен. Марқұкөлдегі мал жайылымының дені тауда. Қалыңдығы кісі бойындай қар түскен соң оны етекке түсіру оңайға соқпай отыр.

Қазір ауыл әкіміне хабарластық: «Көп болып көмектегеннің арқасында мал азығының бір қабат қоры бар», - дейді. Бірақ аяққа аяз тұсау. «Техника қатып, қар тазалаудың өзі қиямет қайым», - дейді.

Шығыс Қазақстан өңірін мал қырылуы қаупінің сары деңгейі деп көрсетсек, арқадағы жағдай тіпті қиын.

Бір ғана Ақмола облысында жыл басынан бері 170 бас жылқы арам қатқан. Көтерем болғаны қаншама? Мал иелерінің айтуларынша, арық-тұрық аттардың қоң жиып, қатарға қосылуы екіталай. Сойып сатайын десе бағасы түкке тұрмайды. Ол аздай, мал азығының бағасы да ақпанның ақ түтек боранынан кем түсіп тұрған жоқ. 

Мәселен, облыста нығыздалған 20 келілік шөптің бір данасы жазда 800 тг тұрса, қазір 2000 тг. Ал бір орам шөптің құны жазда 8 мыңнан болса, қазір 15 – 20 мыңның арасында. Бір қап бидай қазір 5 мыңға жеткен. Ал бір қап кебек дәл қазір 2300 сатылып жатыр екен. 

Аттың жайыннан ақ жағалы атқамінерлер қаншалықты хабардар? Ауыл шаруашылығы министрлігі: «Әкімдіктер біледі»,- деді. Ақмола облысының әкімдігі апта бойы ақпарат бердік, жағдай қазір бақылауда деп түсініктеме бермеді. Ал Степногорск қаласының басшылығы былай дейді. 

Мұрат Бәйетов, Степногорск қаласы әкімінің орынбасары:
- Штаб құрдық қалада. Қажетті мамандар қосылды. Қажетті шаралар қабылдап жатырмыз. Қазіргі таңда жылқы тұрған жерлерге шөп жеткізіліп жатыр. Ветсервис арқылы жұмыстар атқарылып жатыр. Ақпарат кеп тұрады, соншама мал кетті деп. Бірақ белгілеу керек, нақты кімнің малы, базада бар ма, жоқ па дегендей. Соның бәрін тексеріп жатырмыз қазіргі таңда.
 Жылқы иелерінің айтуларына қарағанда әкімдік жаны ашиды, бірақ қолдан келер қайран жоқ. Бұл мәселенің шешімі тек Үкіметте ғана деп отыр.

Бекайдар Бекенов, Қонысбай ауылының тұрғыны:
- Үлкен биелер өзін сақтап қалу үшін «инстинкт самосохранение» дейді. Құлындарынан құтылады, тастайды. Өзі тірі қалу үшін. Енді биыл төл болмайтын шығар. Мына түрімізбен жылқы дегенді ұстамайтын шығармыз. Бәріміз ауылда тұрсақ та, ойымыз – мынадай жағдаймен Үкіметтен көмек болмаса бізге жылқы ұстауға жағдай жоқ.  Оны әкімдік те, біз де ештеңе істей алмаймыз. Біз енді Үкіметтен, мемлекеттен көмек сұраймыз. Жылқы ұстау үшін көмек керек. Асыл тұқым айғыр керек, оны бағатын жер керек, жылқышыларға жағдай жасауы керек. 

Апта ортасында AMANAT партиясының депутаттары Үкіметке сауал жолдап, бірнеше мәселені көтергенін еске салайық. Бірінші кезекте облыс және аудан көлемінде жедел штаб құру. Шаруашылықтар мен малдың барлық түрлері бойынша шынайы мәліметтерді нақтылау. Қажет жағдайда жергілікті аумақ бойынша Төтенше жағдай жариялау. Шаруа қожалықтарынан мал азығын жеткізу. Жылқыларды жақсы жайылымдарға, соның ішінде орман қорындағы жайылымдарға ауыстыруды ұйымдастыру. Қажет болған жағдайда мұз қатқан жайылымдарды механикалық өңдеу.

Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты :
- Бүгінгі күні жауап жоқ. Бірақ Серік Жұманғарин Премьер-министрдің орынбасары өңірлермен селекторлық жиналыс өткізді. Сонда біз көтерген мәселелерді, сонда талап қойып, тапсырма берді жергілікті әкімшіліктерге. Бірінші кезекте – жедел штаб құру. Сосын керек кезде төтенше жағдай жасау. Солтүстік Қазақстан облысында, Орталық Қазақстан облыстарында әлі наурыздың аяғына дейін осындай қауіпті жағдай болуы мүмкін. Депутаттар оны бақылауда ұстаймыз.

Біз де бұл мәселені бақылауда ұстамақпыз. Ауылдағы ағайынның аз-кем нәпақа көріп отырған бір-екі малының тағдыры сол ауыл тұрғындарының ахуалынан хабар беретіні анық. Қамданыс қазірден болмаса, салдары ауыр болуы мүмкін. Қазақ: «Жұт – жеті ағайынды», - демей ме? Ақырын берсін.