Хабар телеарнасы

Алматыда туберкулезбен күрес айлығы басталды

Алматыда соңғы 10 жылда туберкулезден болатын өлім-жітім 82%-ке төмендеді. Ал сырқаттанушылық көрсеткіші 60%-ке азайған. Бұл туралы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы хабарлады.

Қалада 24 наурыз Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған айлық басталды. Қазір індетті анықтауда квантиферрондық тест қолданылады. Ол денеге антигендер мен бактерияларды енгізуді қажет етпейді. Тамырдан қан алынып, нәтиже бірнеше күнде дайын болады.

Оған қоса Алматыда туберкулезді емдеу 6-9 айға дейін қысқарды. Бүгінде бұл пилоттық жоба аясында 11 пациент ем алуда. Бұрын емдеу ұзақтығы 20-24 айға дейін созылатын. Статистикаға сәйкес Алматыда туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты және республикалық көрсеткіштен төмен.

Мәлік Әденов, ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры:
- Біздің денсаулық сақтау саласындағы бұйрықтар бәрі БҰҰ халықаралық стандарттарына сәйкестендірілген. Қандай заманауи қондырғылар бар туберкулезді тез, ерте анықтайтын соның бәрі біздің елімізде енгізілген. Атап өтсек, 148 қондырғы бар. ПЦР диагностика екі сағаттың ішінде туберкулез бар, жоқ екенін, оның қандай түрі екенін анықтайды.