Хабар телеарнасы

Кәсіпкерлікке не кедергі?

Бизнесті тексеру 2,5 есеге азаяды. Енді қай кәсіпкерді тексеру керегін автоматты жүйе таңдайды. Осылайша шенеуніктер мен бизнесмендердің арасындағы тіке байланыс азаяды. Ал өрт қауіпсіздігі инспекторлары тексеруге келгенде әр қимылын бейнетаспаға жазуға міндеттеледі. Бұл – бизнесті жүргізу мәселелері бойынша заң жобасындағы өзгерістердің бір парасы. Алайда Сенат бұл заң жобасын әлі де шикі деп санап бүгін Мәжіліске қайтарды. Ал отандық кәсіпкерлер тексеруден бұрын басқа кедергілерді шешіп беруді сұрайды.

Бизнесті жүргізу туралы заң жобасы бір жылдан астам уақыттан бері талқылануда. Мәселе күрделі. Заң жобасы кәсіпкерлікпен айналысатын елдегі әрбір оныншы азаматқа тікелей әсер етеді.

Ресми деректерге сәйкес қазір елімізде 2,5 миллионнан астам бизнес субъектісі тіркелген. Басым бөлігін жеке кәсіпкерлер құрайды. Олардың саны – 2,1 млн. Одан бөлек 526 мың заңды тұлға бар. Олар 4 млн 300 мың адамға жұмыс тауып беріп отыр. Жеке кәсіпкер саны жағынан көш басында Алматы, Астана қалалары мен Түркістан облысы тұр. Дені сауда-саттық, көлік жөндеу, ауыл шаруашылығы, асхана, мейрамхана, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі салаларында.

Осы 2,5 миллион белсенді азамат экономиканың арқа сүйері болуы тиіс. Олай болуы үшін шағын және орта бизнесті алға бастырмай отырған кедергілерді жою керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде орта бизнеске басымдық берілуі керек. Осы мәселелерді міндетті түрде шешу қажет. Бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту керек, Соның ішінде реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді доғарған жөн. Тоқетерін айтсақ, осы салаға сапалы өзгеріс жасау керек.

Тимур Жақсылықов, ҚР Ұлттық Экономика бірінші вице-министрі:
-Бір жылдан астам уақыт жұмыс істедік. Бизнес өкілдерімен бірлесіп осы заңды 44 жұмыс тобы талқылады. Бизнеске қойылатын 128 мың талап бар екен. Соның ішінен басы артық 10 норма алынып тасталды. Сол арқылы бизнесті тексеру алдағы уақытта кем дегенде екі есеге дейін азаяды.

Өткен үш жылда бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. Мемлекеттік мекемелер оған дейін жылына 120 мың кәсіпкерді тексерген. Енді қысым болмайды дейді шенеуніктер.

Сұлтанбек Жарас, ҚР Ұлттық Экономика министрлігінің басқарма басшысы:
-Мемлекеттік қызметшілерге, тексерушілерге қатысты ондай құқықтары жоқ есікті теуіп кіруге. Егер арыз түссе, арызда бизнес жіберген қателіктер дәлелденсе ғана жоспардан тыс тексеріс жүзеге асырылуы мүмкін. Жоспардан тыс тексеріс бірден жасала салмайды. Ол прокуратура органдарында тіркеледі. Тіркеу актісін алады.

Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бизнестің бүкіл осы күнге дейін жиналып қалған, мемлекеттік мекемелердің бюрократия сұрақтары барлығы жеңілдетіледі. Бизнестің бүкіл проблемасы сол жерде қарастырылады. Әрине бұл бір шешкенмен тоқтамайтын нәрсе. Күнде бір шаруа шығып жатады. Оны келесі жолы тағы бір жиналап өзгерістер енгізіп жатамыз.

Ал отандық кәсіпкерлердің өздері бизнес жүргізудегі басты кедергі ел экономикасының жағдайы деп санайды. Ұлттық банктің сауалнамасына жауап берген кәсіпкерлердің үштен бірі (31,1%) осылай деген. Тағы үштен бірі бизнестің бағын әділетсіз бәсекелестік пен салықтың жоғары болғаны байлап отыр дейді. Одан бөлек білікті кадрлардың жетіспеуі, тұтынушылардың қалтасының таяздығы және несиенің қымбаттығы тағы бар.
Демек Үкіметтің ұсынғаны мен кәсіпкерлердің сұрап отырған дүниесінің арасында әлі де айырмашылық бар. Жалпы заң жобасын талқылаған сарапшылар мен депутаттар оған 1 мың 600 түзету мен өзгеріс енгізген. Бәлкім содан да болар, бүгін Сенат екінші оқылымда заң әлі шикі деп тауып, құжатты Мәжіліске қайтарып жіберді.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Сүлейменов