Хабар телеарнасы

Волонтерлер Арал теңізіндегі құрғаған жерлерге 5000 түп сексеуіл еккен

Еліміздің бірнеше өңірінен жиналған еріктілер тобында АҚШ-тан келген студенттер де бар. Алдағы уақытта шөлге төзімді өсімдіктің тұқымын әуеден себу жоспарланып отыр.

Каролина Соломен АҚШ-тағы университеттердің бірінде экологиялық экономика мамандығын меңгеріп жүр. Ол Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетіне тәжірибе алмасуға келген. «Аралдың құрғаған ұлтанында өтетін экологиялық акция туралы естіген бойда еріктілер сапына қосылдым»,— дейді ол.

Каролина Соломен, студент:
-Арал теңізі туралы мәліметтермен бұған дейін мектеп қабырғасында, жоғарғы оқу орнында аз-кем танысқанмын. Бірақ көзбен көргенге жетпейді ғой. Мұнда ауқымды шаралар қолға алынған. Соның бірі құм мен тұздың көшуін тоқтатуға бағытталып отыр.

Сексеуіл көшетінің тамыры 20-25 сантиметр тереңдікке салынады және оны суарудың қажеті жоқ. Осындай бір түп сексеуіл 4 тоннаға дейін құмның көшуіне тосқауыл болады екен.

Арал теңізінің Қазақстан бөлігіндегі құрғаған ұлтаны бүгінде жасыл желекке айналып келеді. Сонау 90-жылдардан бері Қызылорда орманшылары 380 мың гектар жердің тіршілігін қайта түлетті. Ал 2021 жылдан бастап Президент тапсырмасымен тұзданған теңіз табанына 1,1 миллион гектар сексеуіл егу межеленген. Бүгінде осы ауқымның 545 мың гектары еңсерілді. Шөлге төзімді өсімдік көшет түрінде және тұқымын себу арқылы да егіледі.

Әліби Ғазизұлы «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК бас директоры:
-Бірақ тұқыммен отырғызғанда көлемін мол істей аламыз. Оның да біз жемісін көріп отырмыз. Яғни шығып жатыр. Істеген жұмыстардың шығымдылығын көрдік, шығымдылығы 25-27% дейін барған.

Өзбекстан бірер жыл бұрын Аралдағы құрғаған жерлерге әуеден тұқым себу тәжірибесін енгізген. Осылайша, 2030 жылға қарай қайраңның 78%-ін жасыл желекке айналдыруды көздеп отыр. Бұл тәсілді біздің еліміздің экология министрлігі мен орманшылар қауымы зерделеп жатыр.

Зиновий Новицкий, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, академик:
-Біздің тарапта егілген жасыл-желектің биіктігі 2 метрге дейін жетті. Нәтижесінде шаң-тозаңның әуеге көтерілуі азайып келеді. Енді сол аумақтарды жайылымға айналдыруды көздеп отырмыз.

Қайрат Өстеміров, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі:
-Биыл біздің мемлекет Аралды құтқару қорына төрағалық етеді. Яғни Аралдың экологиялық ахуалын жақсартуға көп күш жұмсалмақ. Бұл жерден көтерілген тұз Еуропаға дейін жетіп жатыр. Ол таулы аймақтарда мұздықтардың еруіне де әсер етуде. Әрине, бұл әлемдік проблема. Елдің осы саладағы әріптестігінің келешегі зор.

Арал атырабының жалпы аумағы 6 млн гектарға тең десек, соның жартысынан көбі Өзбекстанға тиесілі. «Теңіз табанынан ұшқан шаңды тұзды тоқтатудың ең тиімді әдісі - орман өсіру»,—  дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Рауан Мыңбаев, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев