Хабар телеарнасы

Қазақстанда ажырасу неге көп?

Үйлену оңай, үй болу қиын. Соңғы кезде тіпті қиындап кеткен секілді. Мұнымен біз баспана немесе басқа да мәселелерді айтқалы отырған жоқпыз. Бүгінде елде ажырасу көбейген. Мәселен, былтыр 16 мың 700 отбасының шаңырағы шайқалса, 2022 жылы айрылысқан отбасылардың саны 18 мыңға жуықтаған. Ал бұған не себеп?

Мұндай оқиғалар тек кинода емес, өмірде де жиілеп кеткен. Әркімнің тағдыры әртүрлі. Ажырасуға да сан қилы себеп түрткі болады. Бұл екі адамның арасындағы мәселе секілді болуы мүмкін. Бірақ жағдай Қазақстан үшін ол мемлекеттік проблема деңгейіне көтерілді. 2023 жылы Қазақстан ажырасу бойынша әлемдік рейтингте 114 елдің тізімінде 16-шы орынға шыққан. ТМД көлемінде мұндай жағымсыз құбылыс жағынан 6-шы болсақ, Орталық Азияда көш басында тұрмыз. Дабыл қағатын жағдай.

Жақында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева еліміздегі ажырасулардың негізгі себептерін атады. Зерттеу бойынша, айырылысқан жұптардың 61%-і ішімдік пен нашақорлықтың салдарынан айырылысып тынған. Одан кейінгі орында отбасындағы зорлық-зомбылық себебі тұр. Сауалнамаға қатысқандардың 51%-і осылай деген. Ерінің не күйеуінің көзге шөп салуынан екі бөлек кеткендердің үлесі – 47%, ал ойынқұмарлықтың кесірінен отбасының шырқы бұзылғандардың саны – 38%. Тек 20%-і ғана ортада бала болмағаннан айрылысқан. Көңілге жалғыз демеу ажырасу биыл сәл де болса саябырсыпты.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Қазақстанның отбасылары Ұлттық баяндамасына сәйкес, 95,4%-ы отбасылық қарым-қатынасқа қанағаттанған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда ажырасу 5,3%-ға азайған.

Отбасылық психолог Ержан Мырзабаевтың жеке статистикасы бар. Айтуынша, қазір жұбайлардың ажырасуына әкелетін себептердің ішінде көзге шөп салу көш бастап тұр. Тағы бір жиі кездесетін жағдай, отау құрған екеудің арасына ата-анасы немесе туған-туыстары түскеннен шаңырағы шайқалады. «Бірақ бұл – проблеманың көзге көрінер тұсы, ал түпкі себебі тереңде», – дейді психолог.

Ержан Мырзабаев, отбасылық психолог:

- Байланыс жоқтығынан, мәміле жоқтығынан, әңгімелесу жоқтығынан адамдар ажырасады. Ең түбіндегі негізгі себеп – осы. Маған қаншама кеңес алуға адамдар келеді. Айналып келген кезде орталарына аудармашы сияқты отырамын. Ішіне жиналып қалған, айта алмай қалған.

Әңгімесі таусылған еркек пен әйел үйден таппаған жылуды даладан іздей бастайды. Жұбайынан алмаған рухани ләззатты басқа жақтан табуға талпынады. Сөйтіп, лудомания, ішімдікке салыну секілді зиян әдеттер пайда болады. «Агрессия да – соның салдары», – дейді, психолог. Дәл қазір қай жастағылар көп ажырасады? Статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, айрылысқандардың ең көбі, яғни 25%-і – 30-34 жас аралығындағылар. Одан кейінгі орында 35-39 жас тұрса, 25-29 жас аралығындағылардың үлесі – 18%. Байқасақ, бұлардың барлығы – 90-шы жылдары туғандар. Яғни, тоқыраулы тоқсаныншы жылдардың салдары тағы бар, – дейді мамандар. Әйелдер қап арқалап, еркектердің дені қиындықтан ішімдікке салынып кеткен кезде ұрпақ тәрбиесі адыра қалып, талай бала психологиялық соққы алды.   

Аяулым Сағымбаева, әлеуметтанушы:

- Ажыраспас бұрын адамдар толық осы отбасыны сақтап қала алмаймыз деген тұжырымға келген кезде ғана ажырасу керек. Бірінші кезекте балалардың жағдайын ойлау керек. Бұл олардың материалдық тұрғыдан, психологиялық тұрғыдан, моральдық тұрғыдан толық қамтамасыз етілу мәселесі болу керек.

Психологтар мен әлеуметтанушыларды ажырасудың түпкі себептері толғандырса, демографтар басқаға алаңдаулы. Шайқалған шаңырақ саны көбейген сайын мемлекеттің іргетасы да ажырай бастайды, – дейді олар. 

Сәуле Дүсіпова, демограф:

- Негізі ажырасу процесі туу көрсеткіштеріне әсер етеді. Туу көрсеткіші төмендеген сайын еңбекке қабілетті адамдардың азаюына алып келеді. Еңбекке қабілетті адамдардың азаюы неге алып келеді? Қартаю процесіне алып келеді.

Туу көрсеткіші маңызды экономикалық көрсеткіш екенін Еуропа елдерінің мысалынан көруге болады. Бала туу санының аздығынан кәрі құрлық жыл сайын миллиондаған мигрантты еңбек күші ретінде қабылдауға мәжбүр. Ал Ресейдегі ахуал тіпті қиын. Көршімізде отбасын құрған 10 жұптың жетеуі ажырасып кетеді екен. Мәселен, былтыр 600 мың жұп айрылысқан. Есесіне оңтүстіктегі көрші Қырғызстан, Өзбекстанда ажырасу төмен, сәйкесінше демографиялық ахуал да жақсы. 

Дамир Берікұлы, тілші:

- Мамандар: «отбасының іргетасы екі адамның бір-біріне деген сыйластығы мен қимастығынан қаланады», – дейді. Ал бұл сезімдер бала кезде үйден көрген достық, адамға қамқорлық, махаббат секілді құндылықтардан қалыптасады. Сондықтан да жастық құмарлық өткен соң бір-біріне құрметін жоғалтпаған, дос бола білген ерлі-зайыптылар ғана бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешеді. «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат – таусылмайтын әңгіме» демекші, сыңарыңызбен сырласып жүріңіз.

Айтпақшы, біз сюжеттің басында көрсеткен Мәдібек пен Балқия ажыраспады. Өзара түсіністі, татуласты.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Руслан Тәуірше.