Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Өзбекстан зиярат туризмін бірлесіп дамытады

Екі ел өзара туристік ағынды арттыру үшін арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр. Түркістаннан Самарқанға және Ташкенттен Шымкентке тікелей бару үшін шекаралық өткізу пунктері жаңартылып, қосымша автобус рейстері іске қосылады.

Бұл – таяуда ғана ислам әлемінің туристік орталығы атанған Хиуа шаһары. Мұнда көне ғимараттардың көптігі соншалық, кейбірін тұрғындар әлі күнге қоныс етеді. Биыл қалада Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдерінің туризм министрлері кездеседі. Оның қарсаңында Хиуаға шетелден келушілер көбейген.

Иброхим Барнаев, Өзбекстан туризм комитеті басқармасының басшысы:

- Хиуаға ислам әлемі туристік қаласы мәртебесінің берілуі бұл шаһардың танымал туристік бағытқа айналуына мүмкіндік береді. ЮНЕСКО сарапшылары Хиуаны ежелгі Афина, Рим және Каирмен пара-пар қала деп бағалап жатады. Сондай-ақ ол ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен түркі әлемінің мәдени астанасы деп танылды.

2500 жылдық тарихы бар қаланы жергілікті билік танымал туристік бағытқа айналдырмақ. Хиуадағы көне ескерткіштер ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне еніп отыр. Орталық Азияда мұндай мәртебеге Түркістанда да ие. Ежелгі Яссы қаласы әлем мұсылмандары мен түркі дүниесіне құнды. Қазақстан мен Өзбекстан осындай тарихи ерекшелігін пайдаланып, үшінші мемлекеттен келетін меймандарға біркелкі саяхат турын ұсынып келеді. Енді жауапты мекемелер туристер ағынын одан әрі арттыруға арналған бағдарлама әзірлеуге кірісті.

Хуршиджон Ахмедов, Ферғана облысы хәкімінің орынбасары:

- Түркістан облысы мен Ферғана облысының туркомпаниялары тығыз байланыста жұмыс істейді. Ташкент туристік жәрмеңкесінде олар 1 млн долларға келісім жасасты. Екі қала арасында қатынайтын саяхатшыларға осы сомада қызмет көрсетпек. Біздің өңірден Түркістанға және ол жақтан Қоқанға келушілерді көбейткіміз келеді. Былтыр мыңдаған турист жөнелткен едік.

Қазақ пен өзбектің өзара барыс-келісі де бар. Ежелден базары мен мазары бір болғандықтан, туыстық қатынас үзілмеген. Мәселен, былтыр Өзбекстанға 1 млн 245 мың қазақстандық саяхаттады. Кері бағытта да көрсеткіш көбейіп келеді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Таяуда еліміздің Туризм және спорт министрлігі мен Өзбекстанның туризм комитеті бірлескен жол картасына қол қойды. Онда түркі мемлекеттерінен көбірек саяхатшы тарту әрі жалпы мұсылман әлемі үшін зиярат туризмін дамыту сынды міндеттер көзделген. Шекарадағы өткізу бекеттері осы мақсатта жаңғыртылып жатыр. Алдағы жаз айларында кезең-кезеңімен қолданысқа беріле бастайды.

Авторы: Рауан Мыңбаев.