Хабар телеарнасы

Биыл Наурыз жаңа форматта тойланады

Биылғы Наурыз бұрынғыдан өзгерек. Жаңа форматта тойланады. Ертең – «көрісу» күні. Араздасқандар мен ұзақ уақыт көріспегендер өкпе-ренішін кешіріп, көріседі. Ал жұмада - «қайырымдылық» күні. Әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға дастархан жайылып, қарттар мен балалар үйінде мерекелік концерт ұйымдастырылады. Сенбіде «мәдениет және ұлттық салт-дәстүрлер» айшықталса, жексенбіге «Шаңырақ» күні белгіленген. Жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына кәдесыйлар табысталады. 18 наурызда ұлттық киім дәріптелсе, 19-ында «Жаңару» күні аталып өтеді. 20-күні еліміздің түкпір-түкпірінде бәйге, аударыспақ, көкпар, жамбы ату секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. 21 наурыз - «Ынтымақ күні». Ал 22-сі - Ұлыстың ұлы күні. Өңірлерде этноауылдар тұрғызылып, жәрмеңкелер өтеді. Мерекеден кейін жалпыұлттық сенбілік ұйымдастырылып, қоршаған орта тазалығын қамтуға мән беріледі.

Сәбит Барлыбаев, ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары:
-Наурыздың бірегей логотипі бекітіліп, еліміздің барлық аймақтарына жолданды. Тарихи тұрғыдан алғанда, жаңа жылды тойлау 8-9 күнге жалғасып, оны «Наурызнама» деп атаған. Әрине, бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашғаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған.