Хабар телеарнасы

Қарағандыда студенттер мерекеге орай ұлттық киім көрсетілімін ұйымдастырды

Болашақ экономистер, бағдарлама жасаушылар, заңгерлер таңқалдырарлық этно-дефиле көрсетіп қана қоймай, ерекше концерт қойды. 

Бұл тек ұлттық киімдер көрсетілімі емес, шежіре-тарихымызды зерделеу іспетті. Киімнің үлгісіне қарап, оның неше жастағы адамға лайықталғанын, отбасылық жағдайы мен әлеуметтік мәртебесін де білуге болады. Ою-өрнектер – қазақ мәдениетінің жарқын үлгісі. Студенттер ұйымдастырған бүгінгі іс-шарада ұлттық нақыштағы киімдер дәріптелді. Меймандар қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанай мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері де болды.

Вилен Молотов-Лучанский, «Қарағанды Еврей мәдениеті орталығы» ҚБ төрағасы:
-«Қазтұтыну» одағы Қарағанды университеті студенттерінің бүгінгі тамаша көрсетілімі – тұлғалық дамудың кепілі. Жас буын – біздің болашағымыз. Бұл – тәжірибе, керемет инновациялар, бұл–креативтілік. Президент айтқан креативті өндіріс дегеніміз бүгінгі осындай бастамалардан туындайды.

Студенттер заңдарды оқып, экономиканы зерделеп, бағдарлама жасаумен ғана шектелмейді. Олар ән салып, халықтық аспаптарда еркін ойнай да алады.

Артём Ким, «Қазтұтынуодағы» Қарағанды экономикалық университетінің студенті:
-Ұлттық құрылтайдың 3-ші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өтті. Бізді басқа жұрт осы ұлттық киім арқылы таниды деп. Студенттерді тарихқа, халқымыздың мәдениетіне бағыттау барысында университетімізде этнотеатр жұмыс істеп тұр.

Қазір көптеген оқу орындары мен компанияларда этностиль күнделікті киім үлгісіне айналды. Еске салсақ, биыл Наурыз жаңаша форматта тойланып жатыр.

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Марина Золотарёва, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар