Хабар телеарнасы

Еліміздің бірнеше аймағында өзен деңгейі көтерілуі мүмкін

Күннің жылынуына байланысты еліміздің бірнеше аймағында өзен деңгейі көтерілуі мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» ақпарат таратты. Абай облысында төтенше жағдайлар департаменті мен әскери қызметшілер бірлесіп су қоймаларын бақылауға алған. Мамандар мұз қалың көрінгенімен, адам салмағын көтере алмайтынын ескертеді. Мәселен, кеше Ақсуат ауданында мұз қатқан өзен үстімен өтуге талпынған трактор кептеліп қалған. Құтқарушылар арнайы техниканың көмегімен 42 жастағы азаматты құтқарды.

Жомарт Асқаров, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары: 
-Қазіргі таңда профилактикалық жұмыстар жалғасуда. 39 мыңнан астам адам, 
11 мың техника және 500-ден астам су сору құралдары жұмылдырылған. Жыл басынан ауа райының күрт өзгеруіне байланысты көптеген өңірлерде су басу орын алды. Өңірлерде қауіпті деген 217 елді мекен орналасқан.

Көкшетаудағы Бірлік мөлтек ауданында еріген қар суы мектептің жертөлесін басып қалды. Бұған электр желісі жүргізілген тесіктердің дұрыс бітелмеуі себеп болған. Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, мектеп жертөлесін судан тазартуға 6 техника мен 16 адам жұмылдырылған. Ал Ақтөбе облысының Қоптоғай кентінде еріген қар суы жолдарға жайылған. Мамандар үйлер мен аулаларды су басу тіркелмегенін айтты. Қазір жағдай тұрақты. Дегенмен бірер күн бұрын Ақтөбе облысындағы Байғанин ауданында еріген қар суы жиналып қалған жерде ойнап жүрген 4 жастағы бала етбетімен құлап, суға тұншығып қайтыс болды.