Хабар телеарнасы

Құм көшкінін сексеуіл тоқтатады

Сондықтан биыл Арал теңізінің құрғаған табанына 275 мың гектар сексеуіл отырғызылады. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәлімдеуінше, бұған дейін 900 мың гектар алқап көгалдандырылған. Тек соңғы екі жылда 3 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Жоба алдағы уақытта да жалғасын табады. Келесі жылға жоспар — 280 мың гектарға отырғызу.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
-Аралдың құрғаған табанында құдық қазып, сол жерде питомник салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрын көшетті Қазалы жақта өсірсек, қазір дәл сол табанында сол жерге бейімделген көшет отырғызу үшін жұмыс жүргізіліп жатыр.

Министр Ерлан Нысанбаев айтқан тағы бір жаңалық, көліктерді утилизациялау саласында енді монополия болмайды. Қазірге дейін нарықта екі зауыт қана жұмыс істеген. Казір олар мемлекеттік мүлік комитетінің құзырына өтіпті. Бұл кәсіпорындардың ендігі тағдыры жақын арада шешіледі. Жалпы елімізде осы салада жұмыс істей алатын 196 компания бар. Тиісті өзгерістер енгізілгендіктен енді олардың бұл нарыққа кіруіне жол ашылды.