Хабар телеарнасы

Елдегі 440 мыңнан астам адам құмар ойынға тәуелді

Бұл халықтың шамамен 3%. Мәжіліс комитетінің отырысында жиналған Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері осылай дейді. Бүгінгі таңда ойынқұмарлықты емдеуге психологиялық көмек көрсететін 20 орталық бар. Онда кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету жүйесі арқылы емделуге болады. Алайда азаматтар жұмысына әсер етеді деген қорқынышпен оған барғысы жоқ.Сондықтан мамандар лудомания диагнозымен есепке алмай-ақ, көмек көрсетсек жағдай оңалар ма еді деп отыр.

Халық қалаулылары өз кезегінде жағдайдың салдарына ғана емес, себебіне де үңілуде. Заң жобасына түрлі толықтырулар енгізіледі. Депутат Руслан Берденов: «күресті алдымен жарнамамен жүргізсек екен», - дейді.

Руслан Берденов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әлемдік деңгейдегі  спортшыларымыз осы құмар ойындардың жарнамасын жасап жүр. Немесе 2-3 млн оқырмандары бар блогерлар да осыны жарнамалауда. Осыған байланысты біз де бір шаралар қолданамыз. Біздің ұсынысымыз бар. Жұмыс тобы аясында жақсы жұмыс жасалады деген ниеттеміз.