Хабар телеарнасы

СҚО-дағы Сергеев су қоймасы ернеуінен аса бастады. Өңір жаңалықтары

Ал оның етегінде облыс орталығы Петропавл қаласы мен бірнеше аудан орналасқан.

Қостанай облысында да тасқын су азаяр емес. Қазір Қарамырза ауылына қауіп төніп тұр.

Сергеев – теріскейдегі ең ірі су қоймасы. 100 шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Ал одан шығатын Есіл өзенінің бойында 20 шақты елді мекен орналасқан. Қауіптің қаншалықты күрделі екенін осыдан-ақ білуге болады. Таңертең су айдыны арнасынан асыпты. Бірақ ол әзірге алысқа бара қоймаған. Дегенмен күн жылыған сайын қатер күшейіп келеді. Себебі аймақтың оңтүстік-батысында қалыңдығы 10 сантиметрлік қар жатыр.

Қымбат Мерғалиева, «Қазгидромет» РМК ОФ директоры:
-  Ақмола облысындағы жағдайды бақылап отырмыз. Ол жақта да су деңгейі күрт көтерілді. Осының салдарынан Сергеев су қоймасы лық толып, су қатты қарқынмен келуде. Таңертең байқағанымыздай, толқын биіктігі ернеуден 40 сантиметрге дейін көтеріліп, су сыртқа аға бастады. Петропавл қаласы мен Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары Сергеев су қоймасынан төмен орналасқан. 13-14 сәуірге қарай қызыл су облыс орталығына жете бастайды деп жобалап отырмыз.

Ал Қостанай облысының оңтүстік аудандарында жағдай тұрақталғанымен, су тасқыны енді өңірдің орталық бөлігіне ойысты. Науырзым, Әулиекөл, Жітіқара аудандарында қардың жаппай еруі байқалып отыр. Әсіресе Қарасу ауданында жағдай күрделі. Қарамырза ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір төтенше жағдайлар қызметінің барлық күш-құрылымы осы жаққа жұмылдырылған.

Дмитрий Чиченков, ТЖД басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
- Жағдай ушығып бара жатса, алдын ала ел-жұртты хабарландырып, ескертеміз. Сосын эвакуацияға кірісеміз. Төтенше жағдайлар қызметінің жедел штабы күні-түні жұмыс істейді. Су қоймалары да қазір ерекше назарда. Бір сөзбен айтқанда, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз.

Атырау облысында Жем өзенінің деңгейі көтеріліп, арнасынан асып жатыр. Қазір Жылыой ауданына қауіп төніп тұр. Аудан орталығы Құлсары қаласының халқы қауіпсіз жерге көшіріле бастады. Қазірдің өзінде шеткі аумақтағы Алтыншы ауыл, 4-ші ауыл, вахташылар ықшамаудандары суға кеткен. Ал Қарағай елді мекені мен Болашақ ықшамауданының тұрғындары аудандық №1 мектепке орналасты.

Салидат Табылдиева, Қарағай ауылының тұрғыны:
- Отбасымызда 8 адам. Бүгіннен бастап осы мектепке көшіп келдік. Жалпы ауылымызға су келмейді деп ойладық. Шетімен кетеді деп ойладық. Судың қатты ағысы болғандықтан, осы 1 мектепке көшіріліп келдік. Біз сол негізі Қарағайда тұрамыз барлығымыз.

Кеше республикалық маңызы бар Доссор-Құлсары бағытындағы тасжолды су шайып кетуіне байланысты енді тұрғындар облыс орталығына пойызбен тегін қатынайды. Бүгіннен бастап Құлсары-Атырау бағытында жолаушылар пойызы жолға шықты. Халықтың сұрауы бойынша ол Жылыой ауданына қарасты Шоқпартоғай мен Мақат станцияларына да тоқтайды.

Жалпы ел бойынша су тасқынынан құтқару жұмыстарына барлығы 9 мыңнан астам адам мен 2 мыңнан аса техника жұмылдырылды. Табиғат апаты басталғалы бері зардап шеккен 11 аймақта 19 мыңнан астам адам, оның ішінде 8 мың бала құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді.

Аймақтағы тілшілердің көмегімен Дамир Берікұлы