Хабар телеарнасы

СҚО әкімі су тасқыны қаупіне байланысты үндеу жариялады

Солтүстікте жағдай күрделенді. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі халыққа үндеу жариялады. Қызылжар ауданы ерекше бақылауға алынған. Мұнда бірнеше ауылда бөгеттер тұрғызылып, арықтар қазылуда. Жергілікті билік: «Қорғанысты нығайту үшін қосымша экскаваторлар қажет», - дейді.

Айта кетейік, өңірде бұған дейін 103 үйді су басқан. Петропавл қаласына да қауіп төніп тұр. Аймақ басшысының айтуынша, Сергеев су қоймасынан Есіл өзеніне су тасталып жатыр. Бірнеше елді мекен мен облыс орталығына қауіп күшейгендіктен, халықты эвакуациялауға тура келген. Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің әскерилері көмекке жетті.

Ғауез Нұрмұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Біздің елді мекендерді қорғау бойынша тиісті шаралар қабылданды. Бірінші кезеңде суды бұру жұмыстары жүргізілді. Алайда бұл жеткіліксіз болуы мүмкін. Қазіргі уақытта Петропавлда су басатын аудандардан халық көшіріліп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің, полиция мен қала әкімдігінің талаптарын мүлтіксіз орындау қажет. Бұл саяжай тұрғындарына да қатысты.