Хабар телеарнасы

Су басқан аймақтарда қоғамдық штабтар құрылды

Заңгер, қаржыгер, білім беру және әлеуметтік сала мамандары көктемгі тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға құқықтық кеңес береді. Өтемақы, біржолғы төлем бойынша құжат жинауға көмектеседі.

Ақтөбелік Дариға Тұқыметтің эвакуациялық бекетте тұрып жатқанына бір айға жуықтады. Үйін су басып, төбесі ортасына түскен. Табиғи апат кезінде дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Ал құқықтық кеңесті қоғамдық штабтан алды. Үш баланың анасы енді баспана жайына алаңдаулы.

Дариға Тұқымет, қала тұрғыны:
-Аллаға шүкір, жатқан жерімізде стандартқа сай жағдайымыз жасалып жатыр. Сұраған көмегіміздің барлығын беріп жатыр. Бізге бастысы - баспана. Ана жерде менің үйім құлап опырылып ортасына түспегенімен ол жерде тұру мүмкін емес. Ішінің барлығы пенопластпен жасалған. Пенопластын алып қарасам үймен бірдей ылғалдылығы.

Дәл осындай штаб Солтүстік Қазақстан облысында да құрылды. Ұйым мүшелері тасқын басталғалы 90 кездесу өткізіп, 5,5 мың адамға құқықтық көмек көрсетті. Әр жағдайды жеке қарап, тұрғындардың сұрағына жауап береді.

Жанат Мұхамеджанов, қоғамдық штаб мүшесі:
-Жалға алған тұрғындар өтемақыны тек қана бүлінген мүлкі үшін ала алады. Үй үшін ала алмайды. Яғни жалға тұрып жатқандар ең бірінші берілген 100 АЕК алуға мүмкіндігі жоқ. Тек қана мынау 150 АЕК бойынша бүлінген мүліктер бойынша алуға өтініш қабылдайды.

Ал Батыс Қазақстан облысында штаб мүшелері тасқыннан зардап шеккен онға жуық адамның жатақханадан орын алуына жәрдем берді. Мектеп жасындағы балалар оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Қоғам белсенділері күн сайын уақытша паналау орындарын аралап, тұрғындарды тыңдайды. Өңірде 10 қоғамдық штаб бар. Оның 4-еуі Оралда.

София Ізмұхамбетова, қоғамдық штаб жетекшісі:
-Су тасқыны біткеннен кейін жұмыс қалып қоймайды. Себебі енді халықтың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасау бар. Енді біздің жұмысымыздың екінші кезеңі басталады. Бізге ескертілді, қоғамдық штаб әзірше жұмысын тоқтатпайды. 4 штаб бар. Әрқайсымызға бекітілген эвапункт бар. Сол жердегі тұрғындардың барлық жағдайы үшін біз бірінші жауап беруіміз керек.

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар мемлекеттен біржолғы көмек алып жатыр. Ендігі мәселе – бүлінген мүлікті бағалап, өтемақы алу. Бұл ретте құжат жинауға қоғамдық штаб мүшелері септеседі. Олар гуманитарлық көмектің де берілуін қадағалайды.

Авторы: Айдарбек Айтмұхамбетұлы