Хабар телеарнасы

Алматыда авторлық қуыршақтардың бірегей көрмесі ашылды

Ең кішкентай қуыршақ 5 сантиметр болса, ең үлкені – 1,5 метрден асады. Орталық мемлекеттік музейдің көрме алаңы ертегі кейіпкерлерінің шеруін еске салады. Мұнда кәдімгі ойыншықтан бастап, атақты өнер жұлдыздарының бейнесіндегі әртүрлі қуыршақтар да қойылған. Әсіресе «Ұлы Жібек жолын» арқау еткен мына топтама ежелгі қалалардың тұрғындарын бейнелеген. Қуыршақтардың асқан шеберлікпен жасалғаны соншалық, олар әні-міне адамша сөйлейтіндей әсер қалдырады.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

– Иә, олар сатып алушыға «Жібек жолының» құнды жәдігеріне айналған құмыраны немесе жібек шәліні ұсынардай. Әр қуыршақтың келбетінен мінез байқауға болады. Мұндай өнер туындысын жасауға шеберлер ұзақ уақыт тер төгеді. Мәселен, мына «Патшайым» деп аталатын қуыршақты жасауға 8 ай уақыт кеткен.

Көрмедегі әр қуыршақтың өз тарихы бар. Мәселен, мына қуыршақты автор британдық актриса Тильда Суинтонның суреттері бойынша жасаған. Шебер: «Актрисаның ерекше стилін, салқынқандылығы мен ұстамдылығын қуыршаққа дарытқым келді», – дейді.

Жанна Баракай, шебер:

– Ең қиыны – қуыршаққа мінез беру. Сондай-ақ оған қараған кезде көрерменге өзінше ой салуы тиіс. Меніңше, бұл қуыршақ: «Мен сен туралы бәрін білемін» деп тұратындай. Оның көзіне қарасам, маған үнемі осы ой келеді.

Жалпы көрмедегі қуыршақтар полимерлік саздан, тоқыма және киізден жасалған. Олардың ішіндегі ең қымбаты 5 миллион теңге тұрады. Алтын мен күміс әшекейлермен көмкерілген қуыршақ ресейлік шебердің еңбегі. Түркі халықтары үшін киелі саналатын Ұмай ананың бейнесі де көрмеден орын алыпты.

Татьяна Семенова, ұйымдастырушы:

– Қамқор, мейірімді аналардың жиынтық бейнесіндегі Ұмай ана түркі халықтарына жақсы таныс. Жаңа туған сәби мен ананы қорғайды деген сенім ұялатқан ананың бейнесін жасаған қазақстандық шебер – Ирина Итахунова.

Орталық мемлекеттік музей мен «Asia Doll» Қазақстанның Қуыршақ жасаушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған бірегей көрме 25 желтоқсанға дейін жалғасады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев