Хабар телеарнасы

Жылына 15 фильм қазақша дыбысталады

Қазақстан әлемдік фильмдер мен мультфильмдерді сапалы қазақша дыбыстауға дайын. Жылына кем дегенде 15 кинокартинаны көрерменге қазақ тілінде ұсыну жоспарда. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлім етті. Сала мамандары жыл басынан бері елімізде көрсетілген ірі кинопремьералар қазақша дубляждан тыс қалғанын айтқан болатын. Мәселе шешімін тапты ма?

2022 жылы жарық көрген «Аватар: Су жолы» фильмінің қазақша нұсқасы кино тарихымыздағы рекордты орнатты. 43 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Кассаға 71 млн теңге табыс әкелді. Бұл еліміздегі Голливуд фильмдеріне дубляж жасаудың 12 жылдық тарихында тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш. Қазақша дыбысталған киноөнімге сұраныстың болатыны айдан анық. Бірақ әлі де шешімін күткен мәселе бар. Жылдың басты шетелдік фильмдері саналатын «Барби» мен «Оппенгеймер» қазақша дыбысталмады.

Шах-Мұрат Ордабаев, дубляж режиссері, актер:
- Заң, құқықтық негізде атқарылатын жұмыстар күрделі. Өйткені мына шетелдік фильмдердің барлығы жеке компаниялар, мемлекеттік емес. Мысалы, мен «Оппенгеймерді» қуана-қуана жасар едім. Өйткені ол тарихи оқиға. Бізге де тікелей қатысы бар.

Кез келген кинотеатр жаңа туындыға деген сұранысты бір апта бойы бақылап отырады. Өнімнің қаралымы ойдағыдай болса, сеанс кестесін қолайлы мезгілге құрайды. Бірақ қазақ тілді фильм үлкен экранға жол тартқанда, көрермен тарапынан сын-пікірлер көбейді. Мемлекеттік тілде көрейін десе, билеттер таңғы немесе түнгі уақытқа ғана қолжетімді. Осыған қатысты кинотеатр әкімшілігіне соғып едік, пікір білдіруден бас тартты. Есесіне көрерменнің сұранысына қанық боп қайттық.

БЛИЦ:
- Ол кезде екі-ақ сеанс болды қазақша. Ол аз болды және уақыты келмеді мүлдем. 
- Кейбір киноларды қазір көбіне орысша қараймыз да, қазақша болса біз соған барушы едік көбіне.
- Мемлекеттік тілді, жалпы иә, қолдаған жақсы бәрінде. Жастар әсіресе.

Елімізге белгілі продюсер Перизат Мырзахмет көрермен ретінде қазақ дубляжының деңгейін жоғары бағалайды. «Бірақ қазақша субтитрге келгенде көз сүрінеді»,- дейді.

Перизат Мырзахмет, сценарист, продюсер: 
- Мен өзім анықтаған кезде «қалай аударады мұны негізінде» деп, министрлік кәдімгідей олар аударғаннан кейін ғана прокаттық куәлік береді екен. Енді менде бір сұрақ. Прокаттық куәлікке қол қоятын адам не қазақша білмейді немесе қазақ тіліне өте немқұрайлы қарайды. Өйткені ол жердегі өріп жүрген орфографиялық қателерді айтпай-ақ қояйын, үтір, нүкте, оларға тіпті, «жарайды, назар аудармай-ақ қояйық» дегеннің өзінде, сөйлемдер, сөз тіркестері әдейі бұрмаланып жазылады ма...

Мәдениет комитеті бұл сауалға қатысты қазақша субтитр жасау құзыреттілігі дистрибьютор компаниялар мен кинотеатрларға тиесілі деп жауап берді. Тек көрерменнен шағым түскен жағдайда ғана министрлік олқылықтың орнын толтыруға араласады. Сондай-ақ алдағы бірнеше жылда жалпы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесін 30% дейін арттыруға ниетті екенін жеткізді.

Ғани Мұратов, Мәдениет комитетінің кинематография басқармасы басшысы: 
- 22 жылдың соңында кинематография туралы заңға өзгеріс енгізілді. Арнайы соның негізінде осы жылдың наурыз айында Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен анимациялық фильмдерді және отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждау ережесі, қағидалары бекітілген болатын. Сол қағидаға сәйкес бүгінгі таңда 15 фильмді іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ерекше атап өтерлігі – фильмдерді таңдау құқығы халыққа да ұсынылады. Яғни мемлекеттік тілде көргіңіз келетін өнімдерді талғай аласыз. Кино прокаттау мемлекеттік қолдауға көшкелі былтыр 3 үздік кинотуынды қазақ тіліне дубляждалды. 

Салтанат Кенжебай, Таир Мерекенов, Хабар