Хабар телеарнасы

Алматыда Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналған мерейтойлық көрме ашылды

Алматыда аса дарынды қылқалам шебері, біртуар суретші Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналған мерейтойлық көрме ашылды. Экспозицияға Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік Өнер музейінің коллекциясынан 300-ден астам көркем және графикалық туындылары қойылған.

«Әбілхан Қастеевтің шығармашылығы – Кеңестік Қазақстанның көркем шежіресі. Бұған «Түрксіб», «Талас өлкесі», «Қапшағай даласы», «Ақсай карьері», «Медеу» картиналары дәлел. Ал суретшінің шығарма желісімен, кейіпкердің әңгімесімен салған картиналары шынайылығымен ерекше»,— дейді өнертанушылар. Мәселен, революционер Әліби Жангелдиннің әңгімесі арқылы салынған «Ленинмен кездесу» картинасында ұсақ детальдар да суретшінің қаламынан тыс қалмаған. «Бүркітші» картинасында да суретші әсірелеуден гөрі, дәлдікке басымдық берген.

Гүлнұр Жұбанова, көрме кураторы:
-Әрине суретшілер асыра сілтеп, оны көркейтіп отырып жазуға ұмтыламыз, мысалы, жай қарапайым суретшінің «Бүркітші» деген шығармасын Абайдың шығармасымен дәлме-дәл ұқсас келеді. Аттың өзінің сол қалпын келтіруі.. Егер сіздер орыс суретшілерін, басқа академиялық білімі бар суретшілерді қарасыңыздар аттарының өзі ерекше тұлғаланып тұрады. Бұл жерде суретші дәлме-дәл сол аттың қандай күйде отырғанын суреттеді, сондықтан суретші Әбілхан Қастеев шынайылықты сездірді, жеткізді.

Дәурен Қастеев, Ә.Қастеевтің немересі, суретші:
-Араға уақыт салып, сол дәуірдің, сол суретшілердің шығармаларына қарасақ –социалистік реализмді айналып өтуге болмады ма деген ойда қаламыз. Бірақ Әбілхан Қастеевтің шығармаларына қарасам, дәуір талабының шеңберінен шыға алмаса да, картинадан мейірім мен жылылықты байқаймын. Ол мұны шығармаларында шынайы түрде жеткізеді. Қалыптан да шықпай, ол шеберліктің шыңы дер едім.

Мерейтойлық көрмеге суретшінің түпнұсқа еңбектері қойылған. Олардың қатарында көрермен назарына көп ұсынылмаған шығармалар да бар. Сондай-ақ суретшінің жоғалып кеткен картинасына жасалған эскиз де көрмеден орын алған.

Әмір Жадайбаев, Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік Өнер музейінің жетекші ғылыми қызметкері:
-Көрмеге Қастеевтің бір шығармасына жасалған эскиз қойылған. Ол кезде басқа Республикалардың коммунистік партиялармен бірлескен тәжірибе алмасу шаралары ұйымдастырылып, делегациялар келген. Сол кездерде Қастеевке колхоздың еңбек көрінісін салу туралы тапсырма беріледі. Ол қант қызылшасымен аты шыққан колхозды, еңбеккерлерді бейнелеген, үлкен көлемдегі картинаны салып шығады. Өкінішке орай бұл картинаның түпнұсқасы жоғалып кетті. Оның қай жерде екенінен хабарымыз жоқ.

Қазақтың ою-өрнегі Әбілхан Қастеевтің шығармашылығының тағы бір ерекше бағыты – көрмеде суретшінің эскизі бойынша жасалған кілемдер де көрермен назарына ұсынылды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев