Хабар телеарнасы

Кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастырамыз?

Соңғы рет қашан кітап оқыдыңыз? Дәл осындай сауалмен қоғамдық саясат институты зерттеу жүргізді. Нәтижесі қандай?

Әрбір төртінші қазақстандық ғана кітап оқиды. Әсіресе шығыс қазақстандықтар көш басында. Өңір тұрғындары жылына 10 туындыны оқиды. Ал Солтүстік қазақстан және Ақмола облыстарының халқы шамамен 7 кітап оқиды. Үштікке Шымкент, Ұлытау, Жетісу облыстары да енді. Жалпы кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастырамыз?

Нұрберген Бақытұлы жылына 100 астам кітап оқиды. Жігіттің бұған көп уақыты да кетпейді. Себебі жылдам оқу тәсілін меңгерген. Бір айда том-том кітаптың 10 шақтысын аяқтауға қауқарлы. Сондықтан білгенімен бөлісіп, қазақстандықтарға жылдам оқу тәсілін үйрететін болған.

Нұрберген Бақытұлы, қала тұрғыны:
- Өзіме мақсат қойдым. 2021 жылдан бастап Қызылорда, Алматы қалаларында, аудан-ауылдарында тренингтер өткізе бастадым. Біздегі ең негізгі проблема
баяу оқу екен. Кітап оқымауының себебі кітап оқуға құштарлығы жоқ болуында.

Астаналық жастар да Нұрбергеннен қалысар емес. Жылдам оқу тәсілін меңгермесе де, ай сайын олар оқыған кітаптарын талдап, кітап клубында жүздеседі. Осылайша ойларын ортаға салады. Бүгін де талқы қызу. Кезекті жиналыс өтіп жатыр.

Камила Мұхамедиева, студент:
- Бұл клубты бірінші курста жүрген кезімде ашқан едім. Қазір құрамымыз кеңейді. Әр курстан 20 шақты адам қатысады. Сондықтан мен үшін шығармашылық бірлестікке айналды.

Қоғамдық саясат институты жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша әрбір төртінші қазақстандық ғана кітап оқиды. Қалған 52% уақыт жоқтығына байланысты оқымаймын десе, 21,4% кітап оқуға «мүлдем қызықпаймын», деп жауап берген.

Азамат Ақатаев, қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы:
- Басқа елдердің көрсеткішімен салыстырсақ, мысалы, Франция мен Канада азаматтары жылына 17 кітап оқиды екен. АҚШ 12 кітап оқиды. Ал Оңтүстік Корея болса 11 кітап. Қазақстанда болса 5 кітап.

Былтыр ең көп сатылған кітаптар қаржылық, психологиялық, отбасы құндылықтары мен діни тақырыптарға арналған. 90% туынды шетелден импортталған. Дегенмен министрлік өкілдер сұраныстың көптігін руханияттан жоғары қоюға болмайтынына сенімді.

Роллан Құспан, ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары:
- Қаламгерлерді қолдауға бағытталған жұмыстарды жүзеге асырудамыз.  Және олардың тың, төл туындыларын мемлекеттік есептен баспаға шығарып, республикалық, қалалық, облыстық, аудандық кітапханаларға таратып бағудамыз. Бірақ ол кітаптар қаншалықты сұранысқа ие деген сұрақтар қойып жатыр.

Қоғамда көркем әдебиетке деген қызығушылық бар. Бірақ сол сұранысты жазушылар қанағаттандыра алмай отыр. Содан жастар көбіне шетелдік туындыларға құмартады. Жас жазушы Әлихан Жақсылық осындай пікірде.

Әлихан Жақсылық, жазушы:
- Жазушы жазған нәрсесін барынша ең болмаған күннің өзінде кейіпкердің рөлін сомдау арқылы тиктокта, инстаграмда, әлеуметтік желілерде, фейсбукта бөлісетін болса, бұл жақсы қаралым жинайды. Біздің әдебиетте кітап нарығының қалыптаспай тұрғаны, қаламақы мәселесінің шешілмей тұрғаны, көркем әдебиеттің дамымай тұрғаны бәрі де тікелей осы жазушыларымыздың кінәсі.

Шетелде бұл тәсіл әлдеқашан жолға қойылған. Сондықтан ересектер өз алдына, кітапқа балалар да құмартады. Кітап оқу мәдениеті дәл осы кезден басталарын ескерсек, мамандар мынандай кеңес береді.

Ғали Дімұхаммед, Қолданбалы этносаяси зерттеу институты, мониторлық зерттеу орталығының басшысы:
- Көркем әдебиет бойынша әртүрлі өздерінің түсірілген фильмдері де бар. Мысалы, Гари Поттердің кітабы да бар, киносы да бар. Ал енді қалай баланы осы кітапқа ынталандырамыз? Алдыменен мысалы, ата-ана балаға айту керек: міне, мысалы кітапта кейіпкердің ғажайып ойлары жақсы суреттелген деп түсіндіруі керек.  

Баянғали Әлімжанов, жазушы:
- Мысалы, балаға кітап оқытудың бір үлкен жолы
ата-ана өзі бірге оқу керек екен баламен. Бала сонда қызығады. Егер ата-анасының өзі телефон көріп жатып, балаға кітап оқы десе, ол оқымайды.

Дана Әлиева, тілші:
- Кітап оқисыз ба, әрі қарай телефонға телміресіз бе, таңдау әрине, сіздікі. Бірақ мамандар айтпақшы, жас ұрпақ көргенін істейді. Демек ара-тұра кітапқа да уақыт табу керек шығар?! Бәлкім сонда кітап оқитын ұлтқа айналар күн де алыс болмас...

Дана Әлиева, Дархан Кунтуов, Айбек Ақшолақов