Хабар телеарнасы

Түркістан облысында 39 адам уланып қалды

Түркістан облысында бір мектептің оқушылары мен мұғалімдері жаппай иістен уланып қалды.

Оқыс жағдай Сарыағаш ауданына қарасты Ынтымақ ауылында болған. Өткен сенбі күні Майлықожа атындағы мектепте аяқасты әктеп-сырлау жұмыстары жүргізілген. Ал бүгін сабаққа барған балалардың басы ауырып, өткір иістен уланған. Салдарынан жедел жәрдем шақыртылып, отызға жуық оқушы мен он мұғалім ауруханаға жеткізілді. Екі ұстаз дәрігердің бақылауында. Қалғанына алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылған. Мектепте тексеру басталып кетті. Сабақ 3 күн онлайн өтеді. 

Жаннұр Ахметбек, Сарыағаш ауданының прокуроры:
-Улану фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу нәтижесімен барлық кінәлі адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізіп, оқу бөлмелерінің ауа құрамынан зиянды заттарды анықтау мақсатында зертханалық өлшемдер алынды. Олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалады.