Хабар телеарнасы

Қ.Тоқаев ата-аналар қауымдастығын құттықтады

Мемлекет басшысы ата-аналар қауымдастығына құттықтау сөз арнады. Онда Қасым Жомарт Тоқаев «Берік және бақытты отбасы - үйлесімді қоғамның басты құрамдас бөлігі, мемлекеттің сенімді тірегі екенін жазған. Сондай-ақ отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның міндеті екенін де атап өткен. Президенттің құттықтау сөзін «Ұрпақтар сабақтастығы» республикалық форумында Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева оқып берді.

Аида Балаева, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары: 
- Отбасы құндылықтарын сақтауға және дәріптеуге ата-аналар қауымы да зор үлес қосып келеді. Сіздер әрбір перзенттің тағдырына алаңдап, Отанымыздың болашағын ойлап, шынайы жанашырлық танытып жүрсіздер. Сіздерге және барша отандасымызға амандық, бақ-береке тілеймін! Жасампаздыққа толы игі істеріңіз табысты болсын!