Хабар телеарнасы

Астана халықаралық форумы өз жұмысын тәмамдады

Шара 2 күн бойы жаһандық мәселелердің шешу жолдарын қарастыратын негізгі диалог алаңы болды. 40-тан астам панельді сессиялар өткізіліп, ауқымды мәселелер талқыланды. Сондай жиындардың бірінде «жалған ақпарат және алгоритмдердің күші» мәселесі сөз болды. Пандемия кезінде ақпарат әлемі түбегейлі өзгеріп, аурудан гөрі, жалған ақпарат жылдам тарағаны баршаға аян. Әлемнің түпкір-түпкірінен жиналған сарапшылар медиасауаттылықты арттырудың жолдарын талқылады.

Арфуш Валид, халықаралық медиаменеджер:
-Желі қолданушылары ақпаратты алғанда өте сақ болғаны жөн. Бірнеше ақпарат көзінен тексеріп, анық-қанығына көз жеткізсе екен деймін. Өйткені технология дамыған сайын, фейк ақпараттардың саны да өсті. Негізгі жауапкершілік журналистерде ғана деп ырсырып қоюға болмайды. Әр адам ақпаратпен танысқанда, бұл рас па, жалған ақпарат емес пе деген сауал қойса ғана жалған ақпараттың түбіне жете аламыз.

Сондай-ақ форум аясында белгілі экономист Нуриэль Рубинидің кітабының тұсауы кесілді. Туынды «Жаңа Қазақстан: жаһандық дауыл кезінде даланы басқару әдісі» деп аталады. Онда геосаяси тұрақсыздық жағдайында еліміздің мүмкіндіктеріне қатысты әлемдік қауымдастық өкілдері өз бағасын берген. Форумда маңызды құжаттарға да қол қойылды. Мәселен, Ғылым және жоғары білім министрлігі Францияның Қазақстандағы елшілігімен меморандум жасасты. Енді Францияда «Болашақпен» білім алуға болатын жоғары оқу орындарының тізімі көбейеді.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
-370 миллионға жуық адам ресми түрде француз тілінде сөйлейді. Сондықтан бұл үлкен нарық, Қазақстан үшін бұл нарықты біз жоғалтпауымыз керек. Сондықтан Францияда оқыған Болашақпен қазір жоғары оқу орындарының тізімін кеңейтіп жатырмыз. 6 жоғары оқу орны болса қазіргі таңда, 12-15 деп ұлғайтуымыз қажет.