Хабар телеарнасы

БҰҰ: Қазақстан бетбұрыс кезеңінде тұр

Қазақстан тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде елеулі жетістіктерге жетті. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори мәлімдеді. Оның айтуынша, елде ана мен бала өлімі азайып, урбанизация ағыны арта түскен. Сондай-ақ маңызды реформалар қабылдануда. «Атап айтсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Су ресурстарын басқару жүйесін реформалау және Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимылды күшейту жөніндегі бастамаларының маңызы айрықша»,— дейді ол. Естеріңізге сала кетейін, келесі аптада Нью-Йоркте тұрақты даму мақсаттарына арналған Саммит өтеді. 

Микаэла Фриберг-Стори, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі:
-Біз Қазақстан Үкіметінің елді таза ауызсумен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөліп отырғанын білеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауынан кейін мамандандырылған арнайы министрлік құрылып, жаңа су кодексі әзірлене бастапты. Мұның барлығы тұрақты даму мақсаттарын одан әрі іске асыруға ерекше серпін беретініне сенімдімін.