Хабар телеарнасы

Тоқаев «Орталық Азия – АҚШ» мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты

Кездесу барысында Президент Қазақстан Черногорияны Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Подгорица қаласында Қазақстанның Консулдығын ашу жоспары туралы айтты. Бұл қадам екі ел арасындағы іскерлік және тұлғааралық байланыстарды дамытуға тың серпін береді.

– Біздің елдеріміздің арасы жақындай түсті. Себебі азаматтарымыз Астанадан Подгорицаға тікелей әуе рейсімен ұшады. Жыл сайын 40 мыңнан астам адам визасыз режимді пайдаланады. Қазақстан азаматтары Черногорияға еңбек демалысын өткізу үшін ұшып барады. Әрине, бұл елдеріміз арасындағы гуманитарлық байланыс пен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді. Біз Подгорицада өз Консулдығымызды ашуды жоспарлап отырмыз. Аталған салалардағы оң нәтижелерге, әсіресе экономикалық ынтымақтастықтағы жетістіктерге қарай сіздің еліңізде елшілігімізді ашуымыз мүмкін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Яков Милатович екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Черногория Президенті жан-жақты байланысты одан әрі нығайтуға ниет білдірді.

– Президент мырза, мен Сізбен кездескеніме өте қуаныштымын. Өзіңіз білетіндей, біз Қазақстан мен Черногория арасындағы достықты өте жоғары бағалаймыз. Осы кездесуге менімен бірге еліміздің Премьер-министрі де келді. Ол Черногорияны қазақстандық туристер үшін тартымды етуге ерекше қызығушылық танытады. Екі ел арасындағы тікелей әуе рейсінің қызмет көрсете бастағанына өте қуаныштымыз. Бізге Қазақстаннан туристердің көптеп келетіні қуантады, – деді Яков Милатович.

Сондай-ақ президенттер халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді және тараптардың Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы өзара ықпалдастығының жай-күйін талқылады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович бір-бірін өз елдеріне ресми сапармен келуге шақырды.