Хабар телеарнасы

Президент тапсырмалары: әлеуметке маңызы бар мәселелер шешімін тапты?

Иә, бұған дейін айтқанымыздай Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысы балаларға теңдей бөлінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше осындай заңға қол қойған еді. Еске салсақ, бұл бастама Президенттің сайлауалды бағдарламасында да көрініс тапқан. Осы және өзге де әлеуметке маңызы бар қандай айшықты мәселелер шешімін тапты? Не өзгерді?

Күні кеше 20 миллионға жеттік деп қуанғанымыз сол еді, жас ұрпақтың қамын ойлар ұтымды бағдарлама да ізін суытпай қабылданды. Енді елдегі 7 млнға жуық бала, жаңа жылдан кейін ұлттық қордан несібесін алып отырады. Осылайша, болашақта бұл қаржыны білім алуға, не баспаналы болуға жұмсай алады.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:
- 18 жасқа дейінгі балаларға бәріне зейнетақы қорында есепшот ашылады. Оған ешқандай құжат тапсыруға керегі жоқ. Зейнетақы қоры ол ақпаратты бүкіл мемлекеттік деректер базасынан алып алады да, есепшотты автоматты ашып береді. Ол ақша бір жылда бір рет түседі.

Орта есеппен, балақайлар 18 жасқа толғанша, шотында 3,5 мың АҚШ долларына дейін қаржы жинақталады. Әрине ұлттық қор табысы өссе, аударылар қаржы да ұлғаяды. Мамандар бұл қадам болашаққа жасаған инвестиция екеніне бек сенімді.

Мақсат Жақау , саясаттанушы:
-Әрбір Қазақстанның халқы сол жердің иесі болғандықтан да, ол игілігін бірге бөлісу керек. Мемлекет халықтың атына жұмыс істейді. Сол себепті де 50%, мысалы табыс көзінің Қазақстан халқының балаларына, болашағына үлестіріп беру – бұл меніңше үлкен шешім. Бұл мысалы қазіргі балалар емес, ертең туылатын, одан кейін, келесі жылы туылатын, қашан болса да туылатын балаларға бас-басына осы мемлекет сол табиғи байлықты бөліп беру деген сөздің өзі – үлкен тарихи маңызы бар. 

Үкімет пен Ұлттық банк есебі бойынша, елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Ал бала күтімі бойынша демалыс көпке қаржылық тұстан тиімсіз еді. Алайда бұл жерде де мәселе шешімін тапты. Президент бала күтімі бойынша жәрдемақыны 1,5 жасқа дейін ұзартты. Енді 632 мыңға жуық отбасы бастама игілігін көріп отыр. Олар осы уақытқа дейін 258 млрд теңгеден астам сомаға төлем алды.

Мақсат Жақау , саясаттанушы:
- Тоқтап қалмайды. Ол мүмкін 2 жасқа-3 жасқа талай ұсыныстар болды осы бағытта. Дегенмен алғашқы қадамдар – 1,5 жасқа дейін созу, бұл да белгілі бір жарты жылдың көлемінде жас отбасылар мен аналарға деген, сәбилерге үлкен көмек. Себебі нарықта қазір памперстің өзі болсын, оның жейтін дәрумендері болсын, мысалы, кашасы болсын оның барлығы белгілі бір салмақ.

Әлеуметтің тағы бір осал тұсы – несие еді. Осыны ескере келе, берешегін уақытында қайтара алмайтындарға жеңілдік жасалды. Банкроттық туралы заң қабылданды. Осылайша жалпы қарызы 9 млрд теңге болатын 6,5 мыңға жуық адам банкрот деп танылды.

Бауыржан Ысқақов, экономист:
-Бұл заң арқылы қарапайым азаматтар бір табан болсын осы қаржылық сауаттылықтарын арттыруға, жалпы банктерден алған несиелердің қайтарымдығы болатындығы және оны қайтара алмаған жағдайда, егер де ол заңды түрде банкрот болып табылатын болса, 5 жылға дейін несие ала алмайтындығы сияқты осындай ақпараттарға ұшырағандықтан, олар мына бұрынғыдай келсін-келмесін жөн-жосықсыз несие ала беру мәселесінен де арылып отырған жағдайы бар.

1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақының 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көбеюі – 1,8 млн жалдамалы қызметкердің табысын өсірді.

Ал бұл Президенттің сайлауалды бағдарламасында орындалған мәселелердің тек бір шеті ғана. Әлі талай бастама әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін қолға алынады деген сенім бар.

Авторлары: Дана Әлиева, Аян Сәрсенбаев